RU

Шымкентте бір үйдің үш адамы газдан уланып, бірі қайтыс болды

Жедел жәрдем
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Шымкентте бір үйдің үш мүшесі газдан уланып, олардың бірі көз жұмды деп хабарлайды Отырар арнасы.

Қайғылы жайт 16 қыркүйек күні кешкісін Восток шағын ауданындағы пәтерлердің бірінде болған.

Басылымның жазуынша, газдың иісін алдымен көршілері сезіп, бірден жедел жәрдем шақырған. Пәтерге кіру үшін есікті бұзуға тура келген.

Медицина қызметкерлері келгенге дейін пәтер иесі 55 жастағы әйел қайтыс болған. Ал оның 26 жастағы қызы мен 5 жасар немересі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

Дәрігер-токсиколог Марат Кәкеновтың айтуынша, қыз бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.

Оларға барлық қажетті ем жасалған.

Астана арнасының хабарлауынша, алдын ала болжам бойынша қайғылы оқиғаға көпқабатты үйдегі пәтерде суды жылыту үшін қолданылатын газ колонкасын пайдалану ережесінің бұзылуы себеп болуы мүмкін.

Газға жауаптылар оқиға орнында зерделеу жұмыстарын атқару барысында монтаждау жұмыстарының бұзылғандығын яғни газ пайдалануға арналмаған бөлмелерге газ қондырғыларының шығарылғанын, одан бөлек, пәтерде су жылытатын құрылғының дұрыс орнатылмағанын анықтаған.

"Осының негізінде түтін тартудың болмағандығынан пәтер ішіне улы газ тарады деген қауіп бар", - дейді "ҚазТрансГазАймақ" АҚ Шымкент өндірістік филиалының өндірістік техникалық бөлімінің жетекші маманы Елдар Қуандықов.

Әкімдіктің мәліметінше, отбасы бұл мекенжай бойынша тіркелмеген. Қазір оқиғаға қатысты сараптама жасалып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932684-symkentte-bir-uidin-us-adamy-gazdan-ulanyp-biri-qaitys-boldy/