RU

ДДСҰ Ресейдің "Спутник V" вакцинасын мақұлдау жұмыстарын уақытша тоқтатты

Екпе
Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресейдің "Спутник V" вакцинасын мақұлдау жұмыстарын уақытша тоқтатты деп хабарлайды "Хабар 24".

Басылым мәліметінше, бұған препарат өндіретін зауыттардың бірінде сапа стандарттарының сақталмауы себеп болған. Енді өндірушілер кемшіліктердің бәрі жойылғаны туралы сауал жолдауы тиіс. Осыдан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тағы бір мәрте зауытты тексеретін болады.

Ұйым өкілдері вакцинаға қатысты теңсіздік мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Олар әлем елдерін үшінші бустерлік дозаны салуды жыл соңына дейін тоқтата тұруға шақырып отыр. Қолда бар мәлімет бойынша әлемде 5,5 миллиардтан аса екпе салынған. Соның 80%-ы бай мемлекеттерде салыныпты.

Бұл ретте Еуроодақ келер жылы табысы орташа не төмен елдерге екпенің 200 миллион дозасын бөлетінін мәлімдеді. Бүгінде Еуроодақ елдерінде вакциналау бойынша талап күшейтіліп жатыр. Мәселен, Италияда коронавирусқа қарсы екпе салынғаны туралы сертификат болмаса, кәсіпорын және мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа кіре алмауы мүмкін.

Ал Францияда медицина саласы мен қарттар үйінің қызметкерлеріне, сондай-ақ өрт сөндірушілерге 15 қыркүйекке дейін екпе салдыруға уақыт берілген. Ережеге бағынбағандарға жұмыстан кететіндері ескертіліпті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932824-ddsu-reseidin-sputnik-v-vakcinasyn-maquldau-zumystaryn-uaqytsa-toqtatty/