RU

Пермь университетіндегі атыс: Күдікті жансақтау бөлімінде жатыр

Университет
Фото: РИА Новости / Алексей Романов

Пермь мемлекеттік университетінде оқ жаудырды деп, сол ЖОО-ның студенті Тимур Бекмансуров күдікке ілінді. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде жатыр деп хабарлайды Mash Telegram арнасы.

Осыған дейін күдіктінің ауруханаға барар жолда көз жұмғаны айтылған еді. Алайда оның жансақтау бөлімінде жатқаны белгілі болып отыр.

Сонымен қатар, Тимур Бекмансуровтың жағдайы ауыр екені, өкпені жасанды желдету аппаратында жатқаны хабарланды.

Күдікті атыс кезінде кеудесінен, аяқ-қолынан жарақат алған.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Пермь мемлекеттік университетінде атыс болғанын хабарлаған едік.

Атыс кезінде кейбір студенттер ғимараттағы терезе арқылы сыртқа шығып үлгерсе, енді бірі аудиторияларға тығылған. Атыс кезінде травматикалық қару қолданылған. Оқиға куәгерлері қолына қару алып ғимаратқа қарай бет алған ер адамды видеоға түсіріп алған.

Соңғы ресми мәліметтерге сүйенсек, атыстан 8 адам қаза тауып, 24 адам жараланған.

Кейінірек желіде оқ жаудырды деп күдікке ілінген азаматтың суреті тарады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932936-perm-universitetindegi-atysty-uiymdastyrgan-kudikti-zansaqtau-boliminde-zatyr/