RU

Алматыда атыс кезінде 5 адам қаза тапты, оның ішінде 2 полиция қызметкері бар

Видеодағы кадр
Видеодан алынған кадр: instagram.com/kris.p.almaty.official

Әлеуметтік желілерде бүгін Алматыда белгісіз біреудің оқ атқаны туралы ақпарат пайда болды. Салдарынан бес адам қаза тапты. Қайғылы оқиғаның мән-жайын Алматы қаласының полиция департаменті баяндады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға орнына видео Instagaram әлеуметтік желісіндегі kris.p.almaty.official парақшасында пайда болды.

Автордың жазуынша, аталмыш жайт Алматының Алатау ауданындағы "Ақбұлақ" ықшамауданында болған.

Оқиғаның мән-жайын Алматы полиция департаменті айтты.

"Бүгін, 20 қыркүйекте, сағат 17.00 шамасында, Алматының Алатау ауданындағы "Ақбұлақ" ықшамауданында қайғылы оқиға болды.

Жеке үйлердің бірінен шығару туралы сот қаулысын орындау кезінде осы үйдің тұрғыны 1967 жылы туған Д. есімді азамат агрессия көрсетіп, сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторларына және ТЖД қызметкерлеріне оқ атты.

Салдарынан қызметтік міндеттемелерін орындап жүрген бес адам, оның ішінде екі полиция қызметкері оқ жарақатын алып, қайтыс болды. Біз қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтамыз.

Күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта жағдай бақылауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары жүргізілуде", – деп хабардар етті полициядан.

Құзырлы орган қызмет барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің есімін де атады. Олар: Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция майоры 1982 жылы туған Сүлеев Дархан Дауылбайұлы және Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны 1988 жылы туған Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932982-almatyda-er-adam-oq-atty-5-adam-qaza-tapty-onyn-isinde-2-policiya-qyzmetkeri-bar/