RU

Ішкі істер министрі Алматыдағы атыстан қаза тапқан полицейлер жайлы айтты

Ерлан Тұрғымбаев
Фото: ult.kz

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы атыстан қаза тапқан полицейлер жайлы айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

“Біз үшін кешегі күн - өте ауыр, орны толмас қайғылы күн болды. Алматы қаласындағы оқыс оқиға нәтижесінде 5 азаматымыз оққа ұшты.

Оның ішінде ішкі істер органдарының екі қызметкері бар. Полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев өз жұмыстарын адал атқарып жүрген қатардағы қызметкерлер еді.

Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген қанатты сөзі бар.

Олар адамгершіліктерімен айналасына абыройлы болып, отансүйгіштіктерімен талайға үлгі бола білді.

Адам ретінде қалыптасты, азамат болып атқа қонды, патриоттық болмысымен ел тыныштығын қорғады.

Дархан Сүлеев ішкі істер саласында 18 жыл қызмет атқарса, Нұрбол Байғазиев 7 жылдан бері сапта қызмет етіп келді. Оларды әріптестері қызметіне адал, достыққа берік, жүрегі үлкен азамат ретінде мәңгі есте сақтайды.

Осы марқұмдардың әке-шешесі, отбасы, туған-туыстарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасқым келеді.

Марқұмдардың жаны жәннатта, топырағы торқа, иманы жолдас болсын!”,- деп жазды ол Facebook парақшасында.

Еске сала кетейік, кеше, 20 қыркүйекте Алматыдағы атыс кезінде екі полицей қаза тапты. Сот шешімімен жеке үйден шығаруға келген сот орындаушылар мен полиция инспекторларына ер адам оқ атқан. Полицейлермен бірге жеке сот орындаушы, үйдің жаңа иесі мен оның досы жан тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933138-iski-ister-ministri-almatydagy-atystan-qaza-tapqan-policeiler-zaily-aitty/