RU

Көпбалалы отбасы мен жастар қалай баспана ала алады

Көрнекі
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы тұрғын үй саясаты басқармасы жетекшісінің орынбасары Ермек Әміров қолжетімді баспанамен қамту шаралары туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, бұндай баспананы Отбасы банктің "Бақытты отбасы" бағдарламасы арқылы алуға болады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ермек Әміров бұл бағдарлама арқасында көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы нарықта жаңа салынған немесе ертеректе тапсырылған пәтерді ала алатынын жеткізді.

Үш жыл ішінде бағдарламаға 634 алматылық жанұяның қатысқаны белгілі болды.

Тұрмысы төмен тұрғындар кезегіндегілерге тұрғын үй сертификаты да беріледі. Оларды қайтарудың қажеті жоқ. Бұл сома Отбасы банкіндегі жеңілдікпен берілетін ипотеканың алғашқы жарнасын жабу үшін қарастырылған. 

Сертификатты қалай алуға болады?

Сертификат I және II топ мүгедектеріне, жетім балаларға, мүгедек бала асырап отырған отбасыға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы отбасыға беріледі. Бұл үшін Алматы әкімдігі жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлген. Сомасы 1 миллион теңге болатын 2 000 қайтарымсыз сертификат табысталады.

Жұмыс істейтін жастар "Алматы жастары" бағдарламасына қатыса алады. Оның аясында 1 000 жас отбасы баспанамен қамтылды.

"Биыл тағы 1 000 жас отбасы баспаналы болады. Қазіргі уақытта олардың 772-сі пәтер алды", - деді Алматы тұрғын үй саясаты басқармасы жетекшісінің орынбасары.

Сонымен қатар, тағы 1 050 жұмыс істейтін жасты 5 жылға дейін жалға берілетін баспанамен қамту жоспарлануда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933150-kopbalaly-otbasy-men-zastar-qalai-baspana-ala-alady/