Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сарапшы Қазақстанның еңбек нарығы 2025 жылға қарай қалай өзгеретінін айтты

Опубликовано:

Жұмыс орны
Фото: pixabay

ҚР ЕХӘҚМ Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басқарушы директоры Александра Молчановская «Қазақстанның еңбек нарығы туралы алғашқы ұлттық баяндаманы» жариялады. Ол Қазақстандағы жұмыссыздық, пандемия кезінде еңбек нарығының қалай өзгергендігі туралы айтып, болашақта қандай мамандықтардың сұраныста болатындығына болжам жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Александра Молчановская бүгінде Қазақстанда азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша қызмет көрсететін 203 жұмыспен қамту орталығы жұмыс істейтіндігін мәлімдеді.

Оған қоса ол жалпы және тіркелген жұмыссыздық арасында неге айырмашылық бар екенін түсіндіріп өтті.

«Қоғам әлі күнге дейін бұл көрсеткіштерді түсіне бермейді. Бүгінгі таңда Қазақстанда елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі ресми статистикаға сәйкес 4,9 пайызға тең. Бұл үй үй шаруашылықтары арасында жүргізілген сауалнама негізінде есептеледі, яғни сұхбат барысында олардан бұрын жұмыс істегені және қазір жұмыс іздеп жүр ме, сол сұралады, сонан соң мәліметтер елге таратылады. Бұл көп жағдайда қолданылатын ұлттық көрсеткіш. Адамды жұмыссыздар қатарына жатқызу үшін ол мынадай үш шартқа сай келуі тиіс: жұмысы болмауы тиіс, жұмысты белсенді іздеп жүруі тиіс және жақын арада жұмысқа кірісуге дайын болуы тиіс. Ал егер ол жұмыссыз болып, қазірше жұмыс іздеп жүрмеген болса, онда ол жұмыссыздар қатарына емес, экономикалық белсенді еместер қатарына жатқызылады. Бұл пандемия кезінде анық байқалды: халықтың бір бөлігі осы санатқа көшкен, өйткені олар қазіргі ауыр кезең өткенше жұмыс іздемей тұра тұруды шешкен», – деп түсіндірді сарапшы.

Олай болса, сарапшы таратқан мәлімет бойынша, тіркелген жұмыссыздық деңгейі – жұмыспен қамту орталықтарында есепке тұрған немесе электронды еңбек биржасына өтінім берген адамдар саны.

«Орта есеппен елде ресми статистикалық жұмыссыздық пен тіркелген жұмыссыздық арасындағы айырмашылық 50 пайыздан астам. Бұл айырмашылық азаматтардың есепке тұрғысы келмегендігінен шығып отыр. Кейбіреу жұмысты өз бетімен табуға талпынып жатса, енді біреулері интернетке жүгінеді немесе дос-жаранынан көмек сұрайды», – деп атап өтті Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басқарушы директоры.

Оның айтуынша, азаматтардың жұмыспен қамту орталықтарына баруға құлықсыз болуына жұмысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлем деңгейінің төмендігі де әсер етіп отыр: 2020 жылғы төлем көлемі орташа есеппен 43 мың теңге болған.

«Біз жұмыспен қамту орталықтары мен онлайн еңбек биржасында 2019 және 2020 жылдарда тіркелгендерге талдау жасадық, яғни жұмыссыз азаматтың паспортын жасадық: негізінен олар 30-44 жас шамасындағы, мектепте алған білімімен шектелген әйелдер», – дейді Молчановская.

Қашықтағы жұмыс өнімді, бірақ қажытады

«Пандемия жалпы қашықтағы жұмыстың көптеген мамандықтарға келетінін, өнімді және жұмысшыларды 09:00-ден 18:00-ге дейін кеңседе ұстаудың қажеті жоқ екенін көрсетіп берді. Қазір жұмыс берушілерге жұмысшының тапсырманы қайда және қалай орындайтыны емес, нақты бір уақыт аралығында нәтиже шығарғаны маңызды», – деп атап өтті маман.

Сонымен қатар ол мұндай жұмыстың жұмыс берушіге де, жұмысшыға да қолайлы тұстарын санамалап берді.

«Жұмыс беруші кеңсе жалдауға, көлікке, тамақтандыруға кететін шығындарын қысқартып, қызметкерді басқа қаладан та табуға болады, яғни қызметкер іздеуде аумақтық шекара жоқ. Жұмысшы үшін пайдалы жағы жолға уақыт пен қаржы жұмсаудың қажеті жоқ, тіпті кеңселік киім алуға да қаражат кетпейді. Қашықтан жұмыс істеудің кемшіліктері де жоқ емес. Бұл, біріншіден, жұмыс пен өмірдің араласып кетуі, яғни үйден жұмыс істегенде жұмыстан үйге кетуге болмайды. Жұмыс кестесі ретсіз болатындықтан, қажытуы мүмкін. Әлеуметтену жоқ, әріптестермен, клиенттермен байланыс болмайды, бұл да жұмыстың тиімділігін азайтуы мүмкін», – дейді сарапшы.

Оқу ешқашан кеш емес

Молчановскаяның айтуынша, бүгінде адамдар еңбек нарығында сұраныста болу үшін осы қағиданы ұстануы қажет.

«Бүгінде бәсекеге қабілетті өнім шығару үшін елдердің ғаламдық бәсекеге қабілеттілігі қажетті машықты, білім мен шеберлікті бойына жиған азаматтарға байланысты, сондықтан да еңбек нарығы мен маман даярлау жүйесі арасында тығыз байланыс болуы тиіс, оған өмір бойы оқыту да кіреді. Негізгі назарды кәсіптік бағдарға аудару қажет. Сапалы кәсіби ақпараттандыру құру маңызды. Қазір білім беру жүйесі барынша икемді, бір қадам алда болып, еңбек ресурстарын оқыту, қайта оқыту және біліктілігін арттыруға жағдай жасауы қажет», – деп атап өтті Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басқарушы директоры.

Азаматтар неге Қазақстаннан кетіп жатыр?

Молчановская Қазақстанда ішкі көші-қонның артып жатқанын айтты.

«Азаматтар өмір сүру үшін қолайлырақ жағдайларды тапқысы келеді. Пандемияның әсерінен көші-қон үрдісінің екпіні баяулады, бірақ соған қарамастан, 2020 жылғы көрсеткіш 2015 жылғы көрсеткіштерден екі еседей көп. Тартылыс нүктесі бұрынғыша республикалық маңызы бар қалалар мен өнеркәсіптік батыс өңірлер болып қалуда», – деді ол.

Сыртқы көші-қон бойынша, сарапшының пікірінше, орта есеппен алғанда теріс сальдо 22 мың болып тұр. Қазақстандықтар көбінесе ТМД елдеріне аттанып жатыр: соңғы бес жылда 200 мың адам кеткен.

Ал жастар шет елдерге оқуға кетіп, сол жақта қалып қоюда, өйткені шет елде оқуға түсу шарттары бөлек әрі ҰБТ тапсыру талап етілмейді.

«Соңғы кезде кадрлардың шет елдерге кету мәселесі көтерілуде, әрине, бұған бей-жай қарауға болмайды, дейтұрғанмен, көші-қон дегеніміз – табиғи үрдіс. Біз оларға елден кетуге тыйым сала алмаймыз. Халықтың көші-қоны үнемі болады, бұл қайтымсыз үрдіс. Азаматтарымыздың елде қалғысы келуі үшін кешенді шаралар керек, яғни барлық бағыттар бойынша өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасалуы қажет», – деді сарапшы.

Сөз соңында Молчановская 2025 жылға қарай кадрларға деген сұраныс болжамын айтты. Сонымен, сарапшының сөзінше, 2025 жылы халықтың орташа жылдық саны 20 миллиондай болады деп болжануда, яғни бес жылғы өсім 1 миллион адам болмақ. Молчановская таратқан мәлімет бойынша, өңірлік диспропорция күшейеді: 2030 жылға қарай халықтың 59 пайызы оңтүстік өңірлер мен республикалық маңызы бар қалаларда тұратын болады.

«2025 жылы жұмыс күшінің саны 9,4 миллион адамға дейін артады. 2021 жылға жасалған болжам бойынша биржадағы мамандығы жоқ жұмысшыларға деген сұраныстың көптігі әлі де сақталады: 300 мыңдай бос жұмыс орны. Бұл аталған мамандықтар бойынша кадрлардың көп тұрақтамайтындығына байлынысты, сондықтан жұмыс берушілер әрдайым осындай мамандарды іздейді. Сондай-ақ құрылыс және өнеркәсіп салаларында 180 мыңдай және жоғары дәрежелі біліктілік мамандықтары бойынша 175 мыңдай бос жұмыс орны болады деп күтілуде. Қостанай, Қарағанды облыстарында және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында сұраныс көп болуы ықтимал», – деп қорытындылады спикер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1933393-sarapsy-qazaqstannyn-enbek-narygy-2025-zylga-qarai-qalai-ozgeretinin-aitty/

pixel