RU

Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, жүргізуші оқиға орнында қайтыс болды

Апат
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбе-Атырау тасжолында жол-көлік оқиғасы болып, жеңіл көлік жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе-Атырау тасжолында жеңіл және жүк көлігі соқтығысты. Темір ауданынан Байғанинге бет алған көліктің 57 жастағы жүргізушісі қарсы бағытқа шығып, жүк көлігімен соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан LADA Granta автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды»,- деді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Елек өзенінің жағасында қайғылы оқиға болған еді. Салдарынан бір адам көз жұмып, екіншісі дене жарақатымен ауруханаға түсті.

Ведомствоның баспасөз қызметі Қандыағаш қаласының екі тұрғыны Volkswagen Passat көлігімен Елек өзенінің жағалауында келе жатып, суға қарай құлағанын жеткізді.

Апат салдарынан 59 жастағы жүргізуші көлік салонынан шыға алмай, суға батып кетті.

Қабырғасы сынған 45 жастағы жолаушы жағаға жүзіп жеткен. Оның ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933598-aqtobede-eki-kolik-soqtygysyp-zurgizusi-oqiga-ornynda-qaitys-boldy/