RU

Бизнесті тексеруге мораторий алына ма: Министр пікір білдірді

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында елімізде кәсіпкерлерді тексеруге мораторий 2023 жылға дейін сақталатынын мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол қаржы министрлігі кез келген сынды жақсы қабылдайтынны және үнемі диалогқа дайын екендерін жеткізді.

"Бірақ басын ашып алатын мәселе бар: бұл жерде мораторийді алып тастау туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Мораторий президенттің жарлығына сәйкес 2023 жылдың қаңтарына дейін жалғасады. Қаржы министрлігі тек жауапсыз кәсіпкерлерді жауапқа тарту жайын көтерді", - деді министр.

Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, өткен жылы ел тұрғындарынан сауда операциялары кезінде чек бермегені үшін 19 мың шағым түскен. Ведомство дерегінше, онлайн бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын кәсіпкерлердің тең жартысы үнемі чек шығара бермейді.

"Өкінішке қарай, мемлекеттік кірістер комитетінде осындай заңбұзушылықтарға ден қою тетіктері жоқ. Осыған байланысты қазір біз чек бермейтін жауапсыз салық төлеушілерге қатысты салықтық бақылау алгоритмін пысықтап жатырмыз", - деді ол.

Қаржы министрлігі мұндай кәсіпкерлерге қатысты қандай шаралар қабылдайтынын әзірге шешкен жоқ.

Ведомство бизнесті реттеуге қатысты кез келген шешімді қоғам талқысына шығаруға уәде етті. Сонымен қатар бұл мәселе бойынша міндетті түрде қоғамдық тыңдау өтіп, депутаттық корпуспен бірге жұмыс жүргізіледі.

Еске сала кетейік, 2 қыркүйекте өткен үкімет отырысында қаржы министрлігі шағын бизнесті тексеруге мораторийді алып тастауды сұрады. Айтуынша, жауапсыз кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдауда.

Бизнесті тексеруге мораторий президент тапсырмасымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жылға енгізілген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933657-biznesti-tekseruge-moratorii-alyna-ma-ministr-pikir-bildirdi/