Ақтауда өткен матчтан кейін жанкүйерлер полицияға жеткізілді (видео)
Опубликовано:

"Каспий" мен "Астана" командалары арасындағы матч жанкүйерлердің асқан наразылығымен аяқталды. Кездесуден соң полиция тәртіп бұзған бес жанкүйерді ұстап, оларды Ақтаудың полиция басқармасына жеткізді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алаң иелері 0:1 есебімен жеңілген болатын. Жанкүйерлер матч нәтижесіне наразылық танытты. "Каспий" командасының екі жанкүйері алаңға жүгіріп шығып, төрешілер бригадасына барды. Екі-үш минуттан соң полицейлер оларды орнына қайтарды.
"Кездесу аяқталған соң "Каспий" жанкүйерлері стадион аумағының артында жиналып, барабан ұрып, наразылығын білдірді. Олар "Астана" футбол клубы автобусының өтуіне кедергі жасауға тырысты. Полиция ескертуіне мән бермеді. Бес жанкүйер ұсталып, түсіндіру жұмысын жүргізу үшін қалалық полиция бөліміне жеткізілді. Бұдан соң өзгелері тарқады" , - деді полиция департаментінде.
"Астана" футбол клубының екі автобусы полициямен бірге қонақүйге жеткізілді. Футболшыларды тәртіп сақшылары күзетке алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933667-aqtauda-otken-matctan-zankuierler-policiyaga-zetkizildi-video/