RU

Соққыға жықты ма, абайсызда құлады ма: 24 жастағы павлодарлық жігіттің жұмбақ өлімі

Әлішер
Фото: отбасының жеке мұрағаты

Павлодардағы түнгі барда соңы өлімге әкелген төбелес туралы істе жаңа мәліметтер пайда болды. 24 жастағы жігіттің өліміне себепші болған жанжал осы жылдың 27 мамырынан 28 мамырына қараған түні орын алған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ауыр жарақат алған жас жігіт комаға түсіп, кейін қайтыс болған. Істі полиция тергеуде.

Қайғылы оқиға болған түні төрт адамнан тұратын компания барда отырғаны белгілі. Әлішерді әйелінің туыстары шақырып, олардың бірі балалы болғанын тойлаған.

Содан кейін не болғаны туралы нұсқалар әртүрлі.

Кейбір куәгерлер жігіттің екінші қабаттан өзі құлағанын, ал басқалары оны аяусыз ұрғанын айтады. Туыстары күдіктінің ағасы пара берген деп санайды.

Павлодарлық Рената Жұмаділова – марқұм Әлішер Советханның әпкесі. Ол KAZ.NUR.KZ тілшісіне оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты. Болған жағдайда ол жеңгесінің туысын кінәлайды.

Алайда бар қызметкерлері "Әлішерді ешкім ұрмады, жігіттің өзі баспалдақтан секірді" деп мәлімдейді.

Рената Жұмаділованың айтуынша, сараптама бастағы көптеген жарақаттарды, жақтың және бес қабырғаның сынуын көрсеткен.

Оның ойынша, адам құлаған кезде мұндай жарақат ала алмайды, демек, Әлішерді соққыға жыққан деп сенеді.

"Басында осы мекеменің даяшысы төбелестің басталғанын көріп, жігіттерді ажыратқанын айтты. Біраз уақыттан кейін ол қызметкердің анасы тергеушіге ұлына пара берген әрекеті туралы айтты. Оған өз сөзінен қайту үшін үш миллион теңге және пәтер ұсынылды", - дейді Рената.

Бардың әкімшісі Камила Акрамова қайғылы жағдай оның көз алдында болғанын және ол қалай құлағанын көргенін айтты.

"Біз тергеумен алғашқы күннен бастап жұмыс істеп келеміз. Ешкімнен тығылмадық. Содан кейін қайтыс болған жігіттің туыстарының қудалауы басталды. Олар онда болмаған оқиғаларды сипаттайды. Мен куә болғаным үшін ғана психологиялық қысым көрсетіледі. Мен бұл жағдайда ештеңе істей алмадым.
Осы уақытқа дейін мен ол жағдайды әр түсімде көремін. Құлаған сәтте мен едендегі қанды көріп, айқайладым. Барлығы жинала кетті, жедел жәрдем шақырып, дүрбелең басталды. Біз алғашқы медициналық көмек көрсеттік", – дейді Камила.

Сол күні барда жұмыс істеген бармен Алексей Катунин марқұмның туыстары оған "бардың қожайыны қорқытып тастады" деген өтініш жазуын сұрағанын айтты.

"Мен марқұмның туыстары менің көмекшіме ақша бергеніне куә болдым. Не үшін екенін білмеймін. Бірақ біздің айғақтарымыз онымен келіспейді", – деді Алексей Катунин.

Полиция бұл істе жалған айғақтар пайда болғанын растады.

Павлодар облысы полиция департаментінің Тергеу басқармасының басшысы Талғат Арыновтың айтуынша, аталған факті бойынша ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі (өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша тергеу жүргізілуде.

"Іс бойынша барлық қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Сонымен қатар, куәгерлердің біріне қатысты тергеу аясында біз ҚР ҚК 422 – бабы бойынша жалған айғақтар беру СДТБТ материалдарын тіркедік", - деді Талғат Арынов.

Бірақ куәгерлердің қайсысы өтірік айтып тұрғанын полиция тергеу мүддесі үшін хабарламайды.

Сонымен бірге, қайтыс болған жігіттің әпкесі әділ тергеуді талап етеді және ішкі істер министрі мен бас прокурордан істі жеке бақылауға алуды сұрайды.

"Үш ай өтті, бірақ іс орнынан қозғалмайды. Күдікті әлі де бостандықта жүр. Мен сол оқиғаға барлық кінәлілердің жазаланғанын қалаймын", - дейді әпкесі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933887-soqqyga-zyqty-ma-abaisyzda-qulady-ma-24-zastagy-pavlodarlyq-zigittin-zumbaq-olimi/