Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

COVID-19-дың жаңа штамдарының балаларға әсері: Аурудың басты белгілері қандай

Опубликовано:

Бетперде киген бала
Көрнекі сурет: pixabay.com

Пандемияның басында балаларда коронавирус көп жағдайда жеңіл немесе симптомсыз түрде өтсе, вирустың жаңа штамдарының пайда болуымен ауру күшейе түсті. Осы орайда отандық педиатр дерттің балаларға қалай әсер ететінін айтып берді деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Педиатр, инфекционист, медицина ғылымдарының докторы, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар инфекциясы кафедрасының профессоры Лəззат Ералиеваның айтуынша, әлемде COVID-19 инфекциясының ауыр түрімен ауыратын балалар жиі тіркеле бастаған.

Оның сөзінше, бұл коронавирустың жаңа агрессивті және жұқпалы штамдарының пайда болуымен байланысты.

"КВИ-ді тудыратын SARS-CoV-2 вирусы баланың денесіне ауа тамшылары немесе тікелей байланыс арқылы (заттар арқылы) енеді. Балалардағы COVID-19-дың алғашқы белгілері ересектер секілді, инфекция жұққан соң орта есеппен бір аптадан кейін пайда болады. Иммунитеті әлсіз балаларда инкубациялық кезең 2-3 күнге дейін қысқарады. Бастапқы кезеңде ауру жай суық тигенге ұқсайды: тамақ ауырып, мұрын бітеледі және дене температурасы жоғарылайды", - дейді Ләззат Ералиева.

Педиатрдың сөзіне сенсек, келесі 2-3 күн ішінде бұл белгілерге жеңіл жөтел, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, кеудедегі ауырсыну, ентігу және іш өту қосылады.

Одан бөлек, маман коронавирустың аса ауыр ағымы бір жасқа дейінгі балаларда және созылмалы патологиялары мен қосымша аурулары бар 15 жастан асқан жасөспірімдерде байқалатынын атап өтті.

"Әдетте, балалар ауырғаннан кейін 7-11 күнде қалыпқа келе бастайды. Балада COVID-19-ға тән алғашқы белгілер пайда болған кезде бірден педиатр дәрігерін шақыру керек. Ең бастысы мынаны есте сақтаңыз: балаға өз бетінше диагноз қоюға, өз бетінше емдеуге және өзге де белгілердің пайда болуын күтуге мүлде болмайды!", - дейді дәрігер.

Ол қазіргі уақытта балаларды коронавирустан қорғаудың жалғыз әдісі – ересектердің вакцина алуы және балалардың ауру жұқтырғандармен байланыста болмау екенін алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933988-covid-19-dyn-zana-stamdarynyn-balalarga-aseri-aurudyn-basty-belgileri-qandai/

pixel