“10-15 мыңға сатқан": ШҚО-да жалған вакцина паспортын жасаған медқызметкерлер ұсталды
Опубликовано:

Шығыс Қазақстан облысында жалған вакцина паспортын жасаумен айналысып келген медицина қызметкерлері ұсталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары жалған вакцина паспортын жасайтындардың жолын кесу мақсатында бірқатар шара қабылдаған.
Нәтижесінде вакцина паспортын жасау кезінде заңсыз қадамға барған медицина қызметкерлері анықталды.
"Мәселен, Шемонаиха ауданындағы емханалардың бірінде жұмыс істейтін 44 жастағы ақ халатты екпе салдырмай паспорт жасап отырған. Сонымен қатар мұндай факті Семей қаласындағы медициналық мекемеде тіркелді. 27 жастағы қала тұрғыны өзінің қызметтік лауазымын пайдаланып, вакцина паспортын 10-15 мың теңге мөлшерінде сатып келген", - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта осы фактілерге қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 385-бабы "Жалған құжат жасау немесе қолдану" дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Заңсыз әрекетке басқа да адамдардың қатысы бар-жоғы анықталуда. Күдіктілер төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысындағы емханада жалған вакцинация паспорты 15 мың теңгеден сатылғаны туралы жазған едік. Қаржылық мониторинг агенттігі вакцинация паспорттарын қолдан жалған жасаудың 30 дерегінің жолын кесті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934200-10-15-mynga-satqan-sqo-da-zalgan-vakcina-pasportyn-zasap-kelgen-medqyzmetkerler-ustaldy/