RU

Ақтөбеде дүкенді тонаған ер адам шамамен төрт жылдан кейін ұсталды

Қару
Көрнекі сурет: pixabay.com

Ақтөбелік полицейлер 2017 жылдың желтоқсан айында қаладағы дүкендердің біріне шабуыл жасаған күдіктіні қолға түсірді. Ол осы уақытқа дейін өз анасының үйінде жасырынған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Астана" телеарнасының хабарлауынша, сол түні азамт ұңғысы кесілген аңшы мылтығымен жергілікті дүкендердің біріне кіріп, қоймаға қарай оқ атқан және сатушылардан ақша талап еткен.

165 мың теңгені қолды қылған ол балабақша ауласында жасырынуға асығыпты. Ер адам араға шамамен төрт жыл салып Ақтөбеден 100 шақырым жердегі ауылда бой көрсеткен. Полиция бұл жайтқа қатысты мән-жайды жариялаған жоқ.

"Жедел-іздестіру шаралары барысында ол осы уақыт аралығында Мәртөк ауданындағы ауылдардың бірінде анасының үйінде жасырынып жүргені анықталды",- деді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.

Телеарна дерегінше, дүкен тонаған азамат - Ақтөбе тұрғыны. Ол қаладағы көлік жөндеу орталығының бірінде сырлаушы болып жұмыс істеген және гаражда тұрған. Сол жақта қару тауып алып, қылмысын жоспарлаған.

Қарақшы дүкен тонаған уақытта мас күйде болған. Іс Қылмыстық кодекстің қарулы қарақшылық және қаруды заңсыз иемдену, сақтау және өткізу сынды екі бабы бойынша тергелді. Күдікті өз кінәсін мойындады.

"Сот Картюковты қымыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады",- деді Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің басшысы Анар Айтжанова.

Одан бөлек, азамат дүкен иесіне материалдық шығын өтеуге міндеттелді. Бастапқыда прокурор қарақшыны алты жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934226-aqtobede-dukendi-tonagan-er-adam-samamen-tort-zyldan-keiin-ustaldy/