СҚО-да екі адамның ажалы төсекте темекі шегуден болған
Опубликовано:

Солтүстік Қазақстан облысында биыл өртте 39 адам қаза тапқан, бұл өткен жылдан 11 %-ға артық. Ал жарақаттанғандар саны үш есе артып, 35 адамға жетіп отыр деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл жыл басынан өңірде 528 өрт тіркелген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 %-ға артық. Келген шығын көлемі екі есе көбейіп, 210 млн теңгеге жеткен.
Тек өткен аптада облыста 10 өрт тіркеліп, салдарынан екі адам мерт болған. Екі жағдайда да ер адамдардың ажалы төсекте жатып темекі шегуден болғаны анықталды.
«Петропавлдағы Борки кентіндегі «Рябинка» саяжай серіктестігінде уақытша тұруға арналған аумағы 41 шаршы метрлік үй-жайда өрт шықты. Оқиға орнынан 1969 жылғы ер адамның денесі табылды. Өрт төсекте жатып шылым шегуден шыққан. Тағы бір өрт Ж.Жабаев көшесінде орналасқан «Радар» ЖШС бір қабатты күзетші үйінен шықты. Үй-жайда уақытша тұрып жатқан 1966 жылғы ер адам жанып кетті. Мұнда да отты абайсыз қолдану, яғни төсекте темекі шегу себеп болған», - дейді Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Владимир Хутинаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934402-sqo-da-eki-adamnyn-azaly-tosekte-temeki-seguden-bolgan/