Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оңтүстік Кореяда коронавируспен ауырған қазақ қызы сол елде науқастарға қандай жағдай жасалғанын көрсетті

Опубликовано:

Оңтүстік Корея
Лаураның палатасы/фото: KAZ.NUR.KZ

Оңтүстік Кореяда жүрген қазақ қызы коронавируспен ауырған науқастарға арналған аурухананың ішін көрсетті. Covid-19-бен жеңіл түрде сырқаттанған отандасымыз Кореядағы медицина жүйесінің әлдеқайда алда екеніне көз жеткізген деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Лаура есімді бойжеткеннің коронавирусқа тапсырған ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен соң, ол Тэгу қаласының маңындағы емдеу орталығына жатқызылған. Айтуынша, мұнда COVID-19 бар екені тест арқылы расталса, науқасты бірден ауруханаға алып кетеді. Науқастарға барлық жағдай жасалған.

Душ
Лаура жатқан палатадағы жуынатын бөлме/фото: KAZ.NUR.KZ

"ПТР-тесттің нәтижесі оң болып шықты ма, бірден ауруханаға жатқызады. Ауырып тұрған жоқпын деген күннің өзінде де. Мен жатқан емдеу орталығы жеңіл түрде ауырған науқастарға арналған екен. Мұнда түскен бойда телефонымызға арнайы бағдарламаны жүктеп алуымыз керек. Сол қосымшаға күніне екі уақыт өзіміздің қан қысымымызды, қандағы оттегі мөлшерін, дене температурасы сияқты көрсеткіштерді енгізіп отырамыз. Дәрігерлер бізді осылайша бақылап отырады", - дейді Лаура.

Медицина құралдары
Лаураға берілген жеке медицина құралдары/фото: KAZ.NUR.KZ

Корей елінде заңсыз жүрген қазақ қызы бұл жақта барлық азаматтың құқығы бірдей екенін атап өтті. Оның сөзінше, өзі жатқан ауруханада науқастың қай ұлттан екені ескеріліп, хабарландырулар сол тілде беріледі.

Түскі ас
Түскі ас/фото: KAZ.NUR.KZ

"Түскі асыңызды алып кетіңіз" деп қазақша хабарлағанда қатты таңғалдым. Вьетнам елінің өкіліне де өз тілінде хабарлады", - дейді ол.

ақпарат
Қазақ тілінде ескертпе жазылған парақ/фото: KAZ.NUR.KZ

Бұдан бөлек, Лаура палатасында жатқан ескертпе қағаздан қазақ тіліндегі ақпаратты көрсетті.

"Әр күні таңғы 9-да, кешкі 5-те қан қысымы, импульс, дене температурасы, оттегінің қанықтылығын суретке түсіріңіз. Ауырған кезде смс жазыңыз", - деп жазылған ақпарат парақшасында.

Телевизор
Лаураның палатасындағы теледидар/фото: KAZ.NUR.KZ

Лаура өзін ауруханада емес, қонақ үйде демалып жатқандай сезінетінін айтады. Екі адамдық палатада душ, санитарлық торап, тоңазытқыш бар. Жайлы төсек, жиһазбен толық жабдықталған. Сондай-ақ, әр науқасқа жеке гигиенаға арналған, жуынатын заттар берілген.

Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяның медицинасына толық сенетінін жеткізді. Айтуынша, науқастың тез сауығып кетуіне көңіл-күй де әсер етеді.

Айта кетейік, Оңтүстік Кореяда 35 мыңнан астам қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934449-ontustik-koreyada-koronaviruspen-auyrgan-qazaq-qyzy-sol-elde-nauqastarga-qandai-zagdai-zasalganyn-korsetti/

pixel