Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бауыржан Байбек болашақтықтар Қарағандыда ашқан инклюзия кабинетінде болды (фото)

Опубликовано:

Baibek
Фотр: facebook

«Nur Otan» Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша өңірлерге сапарын жалғастыруда. Бүгін ол сайлауалды уәделердің Қарағанды облысында орындалу барысымен танысты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Оның айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарлама аясында облыста 5 жылға жоспарланған 1814 іс-шараның 25%-ті орындалған. Жыл басынан бері 308 мың шаршы метр тұрғын үй, 72 км газ құбыры, 46 км су құбыры және кәріз желілері салынған, 1,4 мың км жол жөндеуден өткен. 4 жаңа мектептің құрылысы аяқталуда. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 60,4 млрд теңге сомаға мыңнан астам жобаға қаржылық қолдау көрсетілген. 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

Сайлауалды бағдарламада ауылдық жерлердегі дарынды балаларды анықтап, қолдау көрсетуге ерекше назар аударылғанын ескере отырып, Бауыржан Байбек филиал төрағасы, облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге Осакаровка кентіндегі «Жастар» балалар-жасөспірімдер орталығы жанындағы жаңартылған техно орталықта болды.

Бауыржан Байбек
Фото: Facebook/Бауыржан Байбек
«Сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында мұнда күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи жабдық сатып алынған. 654 білім алушы үшін 26 тегін үйірме, оның ішінде бағдарламалау студиясы, робототехника, жасанды интеллект, балама энергетика зертханалары және басқалары қолжетімді. Оқытушылар арасында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында туған жеріне оралған Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалалары жоғары оқу орындарының түлектері көп екенін атап өткім келеді», – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

«Nur Otan» Төрағасының Бірінші орынбасары атап өткендей, аға буынға қамқорлық таныту – партия басымдықтарының бірі. Бүгінде Қарағанды облысында 200 мыңнан астам егде жастағы адам тұрады. Сондықтан Қарттар күні қарсаңында ол Қарағандыда «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ашылған Белсенді ұзақ өмір орталығында болды. Мұнда аға буын үшін лингафон сыныптары, би және спортпен айналысу залы, сондай-ақ шығармашылық және оқу сыныптары қолжетімді. Қарт кісілерді белсенді қоғамдық өмірге тарту үшін мұндай орталықтар бүкіл ел көлемінде ашылатын болады.

Бауыржан Байбек
Фото: Facebook/Бауыржан Байбек

Бауыржан Байбек өз постында партияның сайлауалды бағдарламасының тағы бір маңызды бағыты – ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жайлы атап өтті. Оның айтуынша, Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 2025 жылға дейін колледждер мен жоғары оқу орындарында, сондай-ақ мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың 70%-тінде инклюзивті білім беруді ендіру бойынша міндет қойылған.

«Осы бастаманы жүзеге асыруға «Болашақ» корпоративтік қоры өлшеусіз үлес қосуда. Бүгін Қарағандыда №5 және №102 мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттеріне баратын оқушылардың ата-аналарымен кездестім. Ата-аналардың айтуынша, заманауи әдістемелер мен болашақтықтар оқытқан мамандардың арқасында балалардың әлеуметтік және академиялық дағдылары жақсарып, мінез-құлқындағы проблемалары азайған», – деді ол.

Жалпы, «Болашақ» қоры өңірлерде 59 мамандандырылған оңалту мекемелерін ашып, жабдықтаған, оның ішінде 22 қалада 43 инклюзияны қолдау кабинетін ашқан. 2 мыңнан астам ерекше білім алуға қажеттілігі бар бала қамтылған. Олардың көпшілігі сөйлеуді үйреніп, өз бетінше оқуға көшкен, әртүрлі жарыстар мен олимпиадалардың жүлдегерлері атанған.

Нұр Отан
Фото: Facebook/Бауыржан Байбек
Осы орайды пайдалана отырып, Бауыржан Байбек ерекше балалардың ата-аналарына «Болашақ» қоры ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей дубляждаған мультфильмдердің дискілерін тарту етті. Елбасының тікелей қолдауымен болашақтықтар «Өзіңнен баста» жобасының аясында соңғы 10 жылда ең жоғары стандарттар бойынша мемлекеттік тілге 37 кинокартинаны дубляждады.

Сол күні партия Төрағасының Бірінші орынбасары Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында сайлауалды уәделердің іске асырылу барысын қарастырып, онлайн-форматта кеңес өткізді. Талдау көрсетіп отырғандай, жекелеген тармақтар бойынша жыл соңына дейін орындалмай қалу қаупі бар. Бауыржан Байбек филиалдар басшылығы мен мәслихаттардағы фракциялардың назарын осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігіне аударды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934574-bauyrzan-baibek-bolasaqtyqtar-qaragandyda-asqan-inklyuziya-kabinetinde-boldy/

pixel