RU

Алматыда қауіпті трюк жасаған акробат жүргізуші жауапқа тартылды (видео)

ер адам
Видеодан кадр: instagram.com/kris_p_brothers_official

Әлеуметтік желіде жүріп бара жатқан көліктен шығып, акробатикалық трюк көрсеткен жүргізушінің видеосы тарады. Тәртіп бұзушы жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Алматы қаласы ПД басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахманов Instagram парақшасында хабарлады.

Бейнежазбада жүргізушінің жүріп бара жатқан көліктен шығып, бірнеше трюктар жасап, қайта рөлге отырғаны көрсетіледі.

Әбдірахмановтың хабарлауынша, тәртіп сақшылары жүргізушінің жеке басын анықтаған. Ол Toyota 4Runner автокөлігін тізгіндеген 27 жастағы ер адам болып шыққан.

Жүргізуші Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің екі бабы бойынша жауапқа тартылған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда жүріп бара жатқан көліктің төбесінде отырған қыздар видеоға түсіп қалғанын жазған едік.

Кадрларда жолда кетіп бара жатқан көлік пен оның үстіне шығып алған екі қыз көрсетілген. Олар басқа көліктерге қол бұлғайды. Желідегілер жолаушылардың әрекеті ерсі екенін айтып, пікір қалдырған.

Полиция департаментінің мәліметінше, аталған көліктің жүргізушісі адамдарды салонның сыртында тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934728-almatyda-qauipti-tryuk-zasagan-akrobat-zurgizusi-zauapqa-tartyldy-video/