Елімізде лауазымды қызметкерлердің сатып алған үйі де тексерілмек
Жарияланған күні:
Бұдан былай лауазымды қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің қаржылық операциялары ғана емес, сатып алған үйлері де тексерілмек. Ол үшін жылжымайтын мүлік құны 50 миллион теңгеден асса жеткілікті деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, осындай өзгеріс енгізілген заң жобасын мәжіліс қарап жатыр.
Бұған дейінгі заң бойынша 200 миллион теңгенің үйін алғандар ғана қосымша тексерілген. Енді ол сома төрт есе төмендетіліп отыр. Өйткені заңсыз жолмен табылған қаржы көбіне осы жылжымайтын мүлікке жұмсалатын көрінеді.
Ал лауазымды қызметкерлер санатына мемлекеттіктен бастап, квазисектордағы басшылардың бәрі жатады.
Олардан бөлек, басшылардың әйелі, балалары 50 миллион теңгенің үйін алған жағдайда ақшаның заңды жолмен келгенін дәлелдеуі тиіс.
"Ақшамен және басқа мүлікпен жасалатын операциялар бойынша мониторинг жүргізілетін адамдар тізімін президент бекітеді. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл адамдардың, олардың отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының жеке тізімін жасайды. Яғни еліміздің шенеуніктері мен олардың туыстары қаржылық мониторинг субъектілерінен тиісті қызметтерді алғаннан кейін, сонымен қатар шетелдік мемлекеттік қызметкерлерге қосымша тексеруден өтеді", - дейді мәжіліс депутаты Сергей Симонов.
Телеарнаның дерегінше, жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің нәтижесінде 500-ге тарта лауазымды қызметкердің 58 елдің банктерінде шоты бары анықталған.
Қалталы шенеуніктердің көбі ақшасын Ресей, АҚШ пен Швейцария банктерінде сақтайды екен.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934848-elimizde-lauazymdy-qyzmetkerlerdin-satyp-algan-uii-de-tekserilmek/