"Ла Скалада" ән шырқап, Өзбекстанның Халық әртісі атанған қазақ азаматы жайлы не білеміз
Жарияланған күні:
Бір ай бұрын Өзбекстанда тұратын қандасымыз Жеңісбек Пиязов ел президенті Шавкат Мирзиеевтің қолынан "Халық әртісі" атағын алды. Бұл туралы отандық басылымдар жарыса хабарлап, әншінің шыққан тегі Қызылорда облысынан екенін де жазды. Осы орайда Түркістан басылымы 33 жасында жоғары марапатқа ие болған Жеңісбектен сұхбат алып, өнер жолына қалай келгенін білді.
Жеңісбек Пиязов 1988 жылы Нөкіс қаласында дүниеге келген. Оның атасы Зейнел Пиязов - Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, Қарақалпақстанның халық әртісі.
Айтуынша, өзі екінші сыныпта оқып жүрген кезінен бастап тойларда ән салған. Алайда, әнші емес, атасы сияқты актер болуды армандапты.
"Сөйтіп, өзім туып-өскен Нөкістегі Жапақ Шамұратов атындағы училищенің актерлік бөліміне оқуға түстім. Онда әртістік шеберлікпен қатар, вокалдан да сабақтар жүргізеді. Оқып жүргенде әртістіктен гөрі, әншілік қабілетім басымдау екенін түсіндім. Дауысымның ерекшелігін байқаған ұстаздарым опера жанрына көп көңіл бөлуге кеңес берді.
Одан бөлек, опера күрделі классикалық жанр болғандықтан, осы өнердің қыр-сырын меңгергім келді. Осылайша, бірте-бірте халықаралық байқауларға қатысып, бас жүлделерді жеңіп алған соң, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының академиялық ән кафедрасына емтихансыз оқуға түстім.
Консерваторияны бітірген соң музыкалық агенттердің шақыруымен Германияның Мюнхен қаласында өтетін опера фестивальдеріне қатысып, екі жылдай сонда жұмыс істедім. Сол екі арада Мюнхен ұлттық театрының басшылығы жұмысқа шақырды. Бірақ сол кезде Өзбекстандағылар елге қайтып келуімді өтініп, Ташкентке көшіп келдім.
Мұнда келген соң, үкімет барлық жағдайымды жасап, ерекше құрмет пен сыйластық танытты. Десек те әртіс атану құр қиял, бос арман ретінде қалып қойған жоқ, қысқаметражды фильмдерге түсіп, сондай-ақ, түрлі бағдарламаларда әртіс ретінде бағымды сынап көргенім бар", - дейді Жеңісбек.
Жеңісбек Өзбекстанның "Халық әртісі" атағы маңдай тердің арқасында келгенін атап өтті.
"Өзімді мақтағаным емес, бірақ елу-алпыс жастағы адамдармен салыстырғанда Өзбекстанда өнерді насихаттап, әсіресе опера жанрын ілгерілету үшін барынша еңбек еттім деп айта аламын.
2012 жылы бүкіл әншілер көз тігетін беделді сайыс Муслим Магомаев атындағы халықаралық жарыста гран-при иегері атандым. Маған дейін бұл байқауда Өзбекстаннан ешкім жүлделі болмаған. Осы байқауда топ жарған соң, 2014 жылы Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі атағын иелендім.
Сосын 2018 жылы Қарақалпақстанның халық әртісі атағын алдым. Одан бөлек, әйгілі "Ла Скала" опера театрында өнер көрсеткен тұңғыш өзбекстандық әнші атандым. Ел арасында ұмытылып бара жатқан өзбек романстары туралы кітап шығарып, оның аудио және видео нұсқаларын әзірлеп шығардым. Байқаған боларсыз, біз бір орында отырмаймыз, концерттен концертке қатысып жүреміз.
Осындай азды-көпті еңбегімізді елеп-ескерген президентіміз Шавкат Мирзиtев "Халық әртісі" атағына лайық деп таныды. Шынымды айтсам, бұл атақты аламын деп күткенім жоқ. Бұл сыйлыққа лайық деп жүзге тарта өнерпазды іріктеуден өткізген екен, сол жүздің ішінен жүйрік шыққаныма қуаныштымын.
Қазір халықтың операға деген қызығушылығы едәуір артып, аудитория ауқымы кеңейді. Қазақстан жұртшылығы Димаш Құдайбергенге қалай таңғалса, Өзбекстанда өтетін классикалық кештерге келген көпшілік біздің өнерімізге дәл солай тамсанады.
Мысалы, мен президенттер қатысатын жиынға Фаррух Закиров, Юлдуз Усмоновалармен бірге өнер көрсетемін. Ал бұл қатарға кіру үшін өз ісінің хас шебері болып, үнемі өз бабыңда жүруің керек", - дейді опера әншісі.
Осы орайда Жеңісбек көп өнерпаздың арманына айналған "Ла Скаланың" сахнасына қалай шыққанын айтып берді.
"Негізі, мен көп агентпен жұмыс істедім. Италияға барғанда агенттердің айтқанын бұлжытпай орындауға тырыстым. Бірде олар мені музыка әлемінде ең ірі саналатын Россини фестиваліне шақырды. Ал сол фестивалді тамашалауға келген басқа агенттер менің өнеріме жоғары бағасын беріп, ізінше "Ла Скала" театрында ән шырқау туралы ұсыныс білдірді.
Бір байқағаным, талай мықтыны іріктеп жүрген олар сіздің қандай әнші екеніңізді жүзіңізден-ақ таниды екен. Сосын олар адамның мінезіне де қатты көңіл бөледі. Бір сөзге келуі қиын, машақат пен қиындық тудыратын өнер иелерін тіпті де есепке алмайды. Ал мен жүрген жерімде қалжыңмен қағытып, үнемі күліп жүргенді жөн көремін. Сондықтан болар, жолым болып, екінің бірі армандайтын театрда ән шырқадым. Негізі, осы тәжірибем арқылы "Ла Скалада" ән шырқауды армандап жүрген Өзбекстан жастарына өмірде бәрі де болуы мүмкін екенін дәлелдеп бердім деп ойлаймын", - дейді Жеңісбек Пиязов.
Сұхбат барысында Жеңісбек қазақ халқының қолдауын үнемі сезінетінін, елімізге жиі келіп тұратынын алайда Өзбекстанды өз үйі санайтынын жеткізді.
"Қазақстан халқының ерекше қолдауын басынан сезіндім. Әлеуметтік желіде "Өзбекстанда қазақ жігіті "Халық әртісі" атаныпты" деп жарыса жазғандарын оқыдым. Қарақалпақстан тұрғындарының "Ол біздің бала!" деп таласып жатқанын да көрдім.
Қазақтар мен өзбектер "Алпамыс батыр" жырын екі жаққа бөліп, таласады ғой. Сол секілді екі жақтың маған үлкен маңыз беріп, "ол біздікі" дегеніне ерекше қуанып, масаттанғанымды жасырмаймын. Демек, мен дүйім жұртқа керек екенмін.
Қазақ екенімді бұрыннан білетін әрі жаңадан біліп жатқан көпшілік "Қазақстанға көшіп келмейсіз бе?" деп жиі сұрайды. Оларға былай айтамын: үйіңізде қазақша ет әзірлеп, оны дастарқанға енді қоя бергеніңізде көршіңіз табағымен қоса көтеріп әкетіп қалса не болады? Оның бұл әрекетін түсінбей, ашуға булығасыз ғой. Мен Өзбекстанда тудым, осында өсіп-өндім, осы жерде әнші ретінде танылдым. Қазақстанға жиі келіп тұрамын, бірақ Өзбекстан – менің үйім.
"Ағаш та бір жерде көгереді" дегендей, бір жерде жүріп-ақ көгере берейік. Негізі, біздің президент екі елді бір-бірімен жақындастыратын мәдени іс-шаралардың өтуіне мұрындық болып жүр.
Жалпы, мен көптеген қазақстандық әншілердің өнерін жоғары бағалаймын, әсіресе МузАрт тобының жанкүйерімін. Одан бөлек, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Мұхамеджановтардың туындыларын сүйіп тыңдаймын.
Негізі, операмен кәсіби түрде айналысқанға дейін той-томалақтарда өнер көрсеткенмін, сол кезден бері көптеген қазақ әндерін жатқа білемін. Той демекші, Ташrентте тұратын көп қазақтың той-томалақтарына қатысып, қолдау білдіріп жүремін. Олар ұйымдастырған іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Сондықтан осы жаққа да бір әнші керек-ау деп ойлаймын. Ал Қазақстанда менсіз де әншілер көп қой", - деп сөзін аяқтады опера әншісі.
Айта кетейік, Жеңісбек Пиязовтың арғы атасы Қызылорда облысының Қазалы ауданында тұрған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934897-la-skalada-an-syrqap-ozbekstannyn-xalyq-artisi-atangan-qazaq-azamaty-zaily-ne-bilemiz/