Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бақпағасын, "балам бар" деп айтпаймын": Қарттар үйіне өзі барған ақтөбелік кейуана жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

қарттар үйі
Фото: NUR.KZ

Биыл 25 қазанда 85 жасқа толатын Марияш апайдың жанары мұңға толы. Үш баласы сырт айналған кейуана қарттар үйіне өзі келген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Марияш Брекешева алты жылдан бері Ақтөбедегі қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік орталықта тұрады. Бүгін орталықтағы қарттар күніне арналған мерекелік шараға ақ көйлегі мен ақ орамалын тартып келген.

"Жаман емеспін. Ауырсам емдейді, қызметкерлер шауып жүріп жағдайымызды жасайды. Өзім Хромтау ауданының Мағжан ауылында тұрдым. Қаладан 60 шақырым жер. Ешкімім болмағасын осында келдім. Бала жоқ. Бақпағасын "балам бар" деп қалай айтарсың. Балам жоқ, қарағым, солай. Екі-үш балам болды. Жолдасым жол апатынан қайтыс болғаннан кейін осылай қаңғып қалдым. Құжат жинап, осында өзім келдім",- дейді Марияш Брекешева.

Ақтөбедегі қарттар мен мүгедек жандарға арналған 320 орындық орталықта 195 адам тұрады.

Оның 113-і қарт кісілер болса, 82 -сі мүгедектігі бар жандар. Көбі өмірін жалғыздықпен өткізгендер. Орталық қызметкерлерінің мәліметінше, мұнда тұрып жатқандардың 20 пайызының ғана жақындары, балалары бар.

"Орталықта барлық ұлт өкілдері бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, орталықтан пана іздеушілер өткен жылдармен салыстырғанда көп емес. Жақында алты адамды балалары алып кетті. Олардың осыған дейін үй-күйі болмаған. Ата-аналарына көмек көрсеткенімізге алғыстарын айтып кетті",- дейді әлеуметтік орталық басшысы Асылбек Мұхамбетқали.

Бір қуанарлығы, әлеуметтік орталық тұрғындары арасында екі жыл ішінде бірде бір қауіпті індет жұқтырған жағдай тіркелмеген.

"Індет басталғалы орталық тұрғындары ауру-сырқаудан аман. Ауру жұқтырған адам болмады. Вакцина алу басталғанда бәріде екпе алды. Карантин талаптарын қатты сақтап отырмыз. Өткен жылдары індет қаупі күшейген кезде қызметкерлеріміз үйлеріне қайтпай жұмыс істеді",-дейді Асылбек Мұхамбетқали.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934985-baqpagasyn-balam-bar-dep-aitpaimyn-qarttar-uiine-ozi-bargan-aqtobelik-keiuana-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel