RU

Министр 2025 жылға қарай ұстаздар саны қаншаға артатынын айтты

ұстаз
Көрнекі фото: inbusiness.kz

2025 жылға қарай елдегі ұстаздар штаты 100 мыңға артады Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді деп жазады Sputnik Қазақстан.

Бұл президенттің 2025 жылға дейін 100 мектеп салу туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылады.

"Мың мектеп дегеніміз жай ғана ғимарат емес екенін түсінуіміз керек. Бұл кадр даярлау ісіне де серпін береді. Яғни, 2025 жылға қарай 100 мың мұғалімді даярлауға тиіспіз. Бұл қосымша персоналды қоспағанда. Ұстаздар белгілі бағыттар бойынша даярланады. Негізгі назарды бастауыш сынып мұғалімдеріне аударайық деп отырмыз. Бізге бастауыш сынып мұғалімдерінің көп болғаны қажет", - деді ол министрлікте өткен аппараттық кеңес кезінде.

Сонымен қатар министр мектептің қай жерде салынып жатқанын білуге болатын және құрылыс барысын бақылауға арналған онлайн сайт іске қосылатынын атап өтті.

Оның айтуынша, интернет-портал 1 желтоқсанға дейін іске қосылады.

"Осы порталда мектептің қай жерге, қай елді мекенге салынатыны, қанша орынға лайықталғаны туралы толық мәліметті білуге болады. Одан бөлек құрылыс жұмыстары жүріп жатқан мектептерді халық бақылай алатындай мүмкіндікпен қамтамасыз етуге тиіспіз. Ол жерге бейне бақылау камералары орнатылады. Сол арқылы тұрғындар құрылыс барысымен таныса алады. Сол порталда жер учаскесін бөлу туралы да ақпарат орналастырылады. Жер учаскесін бөлуді биыл аяқтау қажет. Мейлі, мектеп 2023 жылы салынатын болса да", - деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында мектептегі орын тапшылығын шешу үшін 2025 жылға дейін ел бойынша 1000 мектеп салу туралы тапсырма берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934991-ministr-2025-zylga-qarai-ustazdar-sany-qansaga-artatynyn-aitty/