RU

Жамбылдағы жарылыс: Жоғалған әскериді іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр

Жарылыс орны
Жарылыс орнындағы іздеу жұмыстары. Фото: Facebook / modgovkz

Жамбыл облысында жоғалған әскери Бауыржан Дәуітбаевты іздеу жұмыстары жалғасуда деп хабарлайды Қазақпарат.

Іздестіру жұмыстарына 500-ден астам адам тартылңан.

Олардың ішінде Жамбыл облысы полиция департаментінің, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, Ұлттық ұланның 5513 және "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының 91678 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, "Орманшылар" азаматтық персоналының өкілдері және туыстары бар.

Олардың үш топқа бөлінгені хабарланып отыр.

Сонымен қатар, барлығы 50 техника жұмылдырылғаны белгілі болды. Арнайы тікұшақ бар.

Іздеу жасақтары таулы жерлерді де шолуда. "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының 91678 әскери бөлімінің қызметшілері іздеуге атпен аттанды.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаевтың сөзінше, өңір басшысының тапсырмасымен хабар-ошарсыз кеткен жауынгер Бауыржан Дәуітбаевты іздеу шаралары күшейтілген.

Ол іздестіру жұмыстары бірден бірнеше бағытта жүргізіледі және бір сәтке де тоқтамайды, деді.

Жоғалған әскеридің ағасы Марат Дәуітбаев та іздестіруге белсене қатысуда.

"Бірінші іздестіру тобымен бірге жақын маңдағы елді мекендердің аумақтарын әуеден шолып шықтық. Өкінішке орай, іздеу шаралары нәтиже бермеді. Бірақ біз үміт үзбейміз және ағамызды табамыз деген сенімдеміз", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935158-zambyldagy-zarylys-zogalgan-askeridi-izdeu-zumystary-qalai-zurip-zatyr/