RU

"Жолыңды ашып беремін": Қызылордада алаяқ балгер ұсталды

Көріпкел
Көрнекі фото: almaty.tv

Қызылордада 49 жастағы қала тұрғынын алдап соққан алаяқ балгер ұсталды деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылымның мәліметінше, Қызылорда қалалық Полиция басқармасына 49 жастағы қала тұрғыны алаяқтың құрбаны болғанын айтып, арызданған.

25 қыркүйек күні "қызының жолын ашып беремін" деген балгер зардап шегушіден алтын алқасын алдап алған. 150 мың теңге шығын келтірілген.

Тәртіп сақшылары тұрғынның сеніміне кіріп, алдаған күдіктіні ұстау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде 53 жастағы облыс орталығының тұрғыны құрықталды.

Тергеу барысындакүдікті алаяқтықпен алған алтын бұйымды ломбардқа өткізіп жіберіп, ақшасын өз қажеттілігіне жаратып жібергені анықталды.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда "күйеуіңді қайтаруға көмектесемін, жолыңды ашамын" деп тұрғындарды алдаған көріпкел алаяқ ұсталғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935428-zol-asyp-beremin-qyzylordada-turgyndy-aldap-soqqan-balger-ustaldy/