RU

Қарағандыда фермер көршісінің жылқыларын атып тастады

Нұр-Сұлтанда өткен республикалық турнирде асыл тұқымды ат өлді (видео)
Көрнекі фото: piqsels.com

Қарағанды облысы Қаражар ауылдық округінде фермер көршісінің жылқыларын атып тастады. Оған малдың арпа өсетін алқапта жайылып жүргені себеп болған деп жазады Sputnik Қазақстан.

Полицияның ақпаратынша, 71 жастағы күдікті өз алқабынан бір үйір жылқыны көреді. Астығын құтқару үшін, алдымен, аспанға оқ атқан, алайда кездейсоқ жылқыларды атып тастады, деп хабарлайды "Астана ТВ" телеарнасы.

Мерген шаруа екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 202-бабы (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Полиция қызметкерлері тіркелген аңшы мылтығын тәркіледі. Тергеу жүріп жатыр", - деп мәлімдеді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Полиция жылқылар неге қараусыз жайылғанын анықтап жатыр. Белгілі болғандай, өлген малдың иесі – дәл сол ауылдың 62 жастағы тұрғыны. Оның шығыны үш миллион теңгеден асты.

Алайда жылқыларды атып тастаған ер адам да бүлінген астық үшін көршісінен ақша өндіріп алмақ. Қаражар ауылдық округінің әкімі Сымбат Кенжекеева фермер мал иесіне бірнеше рет ескерткенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935605-qaragandyda-fermer-korsisinin-zylqylaryn-atyp-tastady/