RU

Еліміздің екі қаласында 5G желісін сынақтан өткізу басталды

Ұялы байланыс
Көрнекі сурет: pixabay.com

Нұр-Сұлтан мен Алматыда 5G желісін сынақтан өткізу басталды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады.

Министрдің желі парақшасындағы ақпаратқа сенсек, алғашқы сынақтар жақсы нәтиже көрсетуде.

"Кейбір астаналықтар мен алматылықтар интернеттің жылдамдығы едәуір ұлғайғанын байқаған да шығар. Біз 5G желісін сынақтан өткізу үшін жиілік диапазонын бөлген болатынбыз. Байланыс операторлары Нұр-Сұлтан және Алматының кей жерлерінде 5G желісін тесттен өткізіп жатыр. Алғашқы өлшемдер жақсы нәтиже көрсетуде", - деп жазды Бағдат Мусин.

Еске салсақ, Қазақстанда 5G желісінің стандарты енгізілетіні 2019 жылы, үкімет отырысынан кейін белгілі болған еді. Бірнеше айдан кейін Бағдат Мусин бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл желі басқа стандарттарды - 3G мен 4G-ді алмастырмайды.

Ағымдағы жылдың ақпанында үкімет басшысы Асқар Мамин 5G желісі бес жыл ішінде барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларды қамтитынын хабарлады.

Сол арада, желіде "Қазақстанда 5G толқыны аспандағы бұлттардың құрылымын өзгертеді" деген ақпар тарап, көпшіліктің талқысына түскен болатын. Алайда кейін "толқын пішіндес бұлттар 5G әсерінен туындайды" деген ақпарат шындыққа жанаспайтыны хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935638-elimizdin-eki-qalasynda-5g-zelisin-synaqtan-otkizu-bastaldy/