RU

Әлеуметтік желі арқылы жігітпен танысқан семейлік оқушы үйінен қашып кетті

Оқушы
Көрнекі сурет: pixabay.com

Семей қаласында із-түзсіз жоғалып кеткен оқушы қыз басқа қаладан табылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қыркүйек айының ортасында полицияға жүгінген 49 жастағы әйел кәмелеттік жасқа толмаған қызының жоғалып кеткенін айтты. Өз сөзінде ол баласының екі күн бұрын кешкі уақытта үйден қашып, сол күйі хабар-ошарсыз кеткенін жеткізген.

"Тәртіп сақшылары 14 жастағы қызды табу үшін жедел-іздестіру шараларына кірісті. Соның нәтижесінде, жасөспірім Павлодар қаласынан табылды. Белгілі болғандай, ол "ВКонтакте" әлеуметтік желісі арқылы сол жақта тұратын жігітпен танысып, онымен кездесу үшін үйінен қашқан", - делінген ақпаратта.

Қыз тәртіп сақшыларына ата-анасымен бірге тұрғысы келмейтінін айтқан. Қазіргі уақытта оқушы Семей қаласына жеткізілген. Жедел уәкілдер оны әзірге туыстарына тапсырды. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысында жоғалған оқушы қыз 11 күннен кейін табылғанын жазған едік.

Қарасай ауданының полицейлері үйінен қашып кеткен оқушы қызды Қаскелеңнен Алматыға бағыт алған автобустан тапты.

"Оқушының сөзінше, ол үйінен кеткен сәттен бастап базарда түнеген. Түсіндіру жұмыстарынан кейін 15 жастағы қыз ата-анасының қолына берілді",- деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935732-aleumettik-zeli-arqyly-zigitpen-tanysqan-semeilik-oqusy-uiinen-qasyp-ketti/