Қазақстанда дәрігерлердің жалақысы 500 мың теңгеге дейін көтеріледі

Опубликовано:

Дәрігерлер
Көрнекі фото: pixabay.com

Елімізде дәрігерлердің жалақысын 500 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы денсаулық сақтау минитрі Алексей Цой айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Министрдің сөзінше, коронавирусқа байланысты медицина қызметкерлеріне төленетін үстемеақы қазан айында тоқтайды. Дегенмен, ақ халаттылардың жалақысы көтеріледі.

"Коронавирусқа қарағанда қауіпті инфекциялар болғандықтан, агрессивті жағдайда жұмыс істейтін барлық медицина қызметкерлері қосымша төлем алады. Олардың белгілі бір коэффициенті болады. Жалпы алғанда медицина қызметкерлерінің жалақысы 2,5 есеге өседі.

Кезең-кезеңімен 500 мың теңгеге жетеді және жыл сайын дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға ұлғайтып отырамыз. Жалақы жеткілікті деңгейге дейін көтеріледі. Ал қауіпті аймақтарда жұмыс істейтін дәрігерлер басқа саланың дәрігерлерінің орта жалақысынан көбірек алатын болады", - деді министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алексей Цой ОКҚ өткен брифингте коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы Қазақстанға қашан жеткізілетінін айтқан еді.

"Рfizer бойынша ақтық келісімшартқа қол қойдық. Рfizer компаниясында келісімнің бірнеше процесі бар. Ақтық келісімшарт бойынша төртінші тоқсанда шамамен 4 млн доза жеткізу жоспарланып отыр. Қазақстанның әр өңірінде тоңазыту жүйесі болады.

Ол қажетті -80 градустық режимге сай болуы керек. Вакцинациялау пункттері құрылады. Принципі ұқсас, тек сақтау температурасының режимі ғана өзгеше. Сондықтан өңірлердің бәрінде қосымша қондырғылар орнатылады", - деді Алексей Цой.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935750-qazaqstanda-darigerlerdin-zalaqysy-500-myn-tengege-deiin-koteriledi/