RU

"Бір сағат ойнап келеміз": Үш бала көз жұмған Атыраудағы өртке қатысты тың мәлімет жарияланды

Өрт сөндіруші
Көрнекі фото: NUR.KZ

Атырау облысында үш сәби тірідей өртеніп кетті. Тілсіз жау қысқы мал азығын сақтайтын қоражайдан шыққан. Төтенше жағдай мамандары жалынмен 3 сағат алысыпты. Сол күні ойынға шығып, кешіккен балаларды ата-аналары қорадағы күлдің арасынан шығады деп еш ойламаған деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Көршілердің айтуынша, күшікті қуалап ойнап жүрген үш бала шөптің ортасына кірген. Ал қараңғы болған соң сіріңке жаққан көрінеді. Балақайларды түн ортасында өртенген шөп арасынан әрең тапқан.

"Ойнап жүріп күшіктен айырылып қалған кезде күшік шөптің арасына кіріп кеткен. Соның артынан жорғалап үшеуі  кіріп, екінші, үшінші сынып оқитын балалар ғой, балаларда ес жоқ қой қараңғы болған соң сіріңке жаққан. Сіріңке жаққанда шөп лап ете түскен де, балалар шыға алмай қалған. Денесі табылды, бірақ 22 руллон жанған соң танымайсың, қап қара болып күйіп кеткен ғой енді", - дейді тұрғын Әділбек Ізғалиев.

Ал балалардың бірінің нағашы әжесі олардың қолында сіріңке болған жоқ деп отыр. Сондай-ақ,  туыстары балақайлардың  денесі табылса да, уақытылы хабар бермей, сабылтып қойған полицейлерге өкпелі.

"Жиналмаған руллон ғой, балалар үшеуі бірге түсіп кеткен сол жерге. Бірақ қалай жанды деп сұраған кезде үй иесі "біреу темекі лақтырып кеткен" деді. Көрдіңіз бе? Енді оның неден болғанын білмей отырмыз. Сағат 5-ке дейін үйде болды. Қасындағы екі бала келіп, апай жіберіңізші деді. Жоқ жібермеймін дедім. Сол күні ентелеп тұрып алып кетті. Апай, тек бір сағат  ойнаймыз да қайтып келеміз, апай деп", - деді нағашы әжесі Алтын Әбенова.

"Жайықтың бәрін аралап, айналып келдік. Лентамен бәрін орап тастаған соң, осы жерге барайықшы, сұрайықшы деп ойладық. Қылмыс болған жерді сөйтеді емес пе? Біз қоймай сұраған соң айтты. Оған дейін жарым құсап іздеп жүрдік", - деді марқұмдардың туысы Ардақ Есбусинов.

Қоражайда күлден басқа түк қалмаған. Темір қоршауға дейін қап-қара. Мамандар тергеу жұмыстарын бастаған. "Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу" бабымен іс қозғалды.

"Қас қарайғандықтан уақытында хабарлау қиындық тудырды әрине. Себебі ол жерге арнайы мамандар, эксперттер сондай-ақ тергеу тобының мамандары жұмылдырылды. Сот медицина экспертиза тағайындалды. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 292 бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде", - деді Атырау облысы ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Мамандар өрттің шығу себебі сараптама нәтижелерінен соң ғана белгілі болатынын айтты.

Б. Нәдірқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935787-atyrauda-ortengen-sopten-us-bala-koz-zumdy-oqigaga-qatysty-zana-derek-syqty/