Әжетхана әлегі: Ақтау қонақтары амалсыз қамысты жағалауға мәжбүр

Опубликовано:

Ақтау
Кадр: 24.kz

Туристер үшін тартымды қала Ақтауда, Каспийдің жағасында орнатылған қоғамдық әжетхана аз, барының есігі жабық деп хабарлайды "Хабар 24".

Салдарынан ақтаулықтар мен қала қонақтары жағалаудағы қамысты жағалауға мәжбүр.

Балықшы Сергей Иванов 20 жыл бойы күнде таңертең Каспийге қармағын салады, содан қас қарайғанша тапжылмай отырады. Оның айтуынша, әсіресе жаз мезгілінде халық көп, ал әжетхана жоқ.

"Мұнда келетін халық көп. Бәрі асықпай, демалуға келеді. Мен мұнда 20 жыл тұрсам да, шыны керек әжетхана көрмеппін. Қоғамдық әжетханалардың орнын қамыс атқарып тұр", - дейді ол.

Жаяу жүргіншілерге арналған Каспий жағалауының ұзындығы 5 шақырымнан асады. Телеарна мәліметінше, жағалау бойындағы әжетханалардың үшеуінде қара құлып тұр.

Ал жалғыз ашық тұрған Яхта клубындағы қоғамдық дәретхана ақылы екен – 50 теңге. Оның өзінде жаздың ортасынан бері су жоқ болып шықты. Сондықтан тек кіші дәрет сындыруға ғана рұқсат. Қоғамдық дәретханада сумен бірге тазалық та жоқ.

Әкімдік қазір қоғамдық әжетханаларды толығымен жеке компаниялардың қолына беру процесі басталғанын алға тартты.

"Біздің тараптан келісімшарт бар, қол қойылып жатыр, 10 шақты күннің ішінде балансқа қабылданады. Әрі қарай тағы 10 күн кәсіпкерлік бөліміне берілетін болады. Конкурстық негізде порталға шығарылады, бірнеше адам қатысады", - дейді қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Әнуар Төлеков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935810-azetxana-alegi-aqtau-qonaqtary-amalsyz-qamysty-zagalauga-mazbur/