RU

Вакцина алмағандар жұмысқа жіберілмейді: Министрліктің тиісті бұйрығы жарияланды

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Денсаулық сақтау министрі міндетті вакцинацияны жұмысқа жіберудің шарты ретінде бекітті. Министрліктің тиісті бұйрығы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.

"Жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және олардың асқынулары (пневмония), менингококк инфекциясы, COVID-19 коронавирустық инфекциясы, желшешек, скарлатина кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрыққа өзгерістер енгізілді.

Жаңа редакцияға сәйкес, COVID-19 дертінің таралуын болдырмау мақсатында жұмыс орындарына COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған қызметкерлер ғана көзбе-көз режимде жұмыс істеуге жіберіледі.

Ал COVID-19-ға қарсы вакцинацияланбаған жұмыскерлер міндетті ПТР-тестілеуден (7 күнде 1 рет) өткенін немесе тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар екенін, немесе соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылғанын растайтын медициналық анықтамасы болған жағдайда көзбе-көз режимде жұмыс істеуге жіберіледі.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 17 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936097-qazaqstanda-zumysqa-qabyldanu-usin-kvi-ge-qarsy-mindetti-vakcinaciya-resmi-bekitildi/