Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Пайда тапқыларыңыз келеді": Ноғаев жаңа аудандарда мектеп пен балабақша жоқтығын сынады

Опубликовано:

Нұрлан Ноғаев
Фото: atr.kz

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өңірдегі құрылыс индустриясының дамуы талқыланған жиын өтті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуге облыстағы құрылыс компанияларының басшылары мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Жиын барысында Нұрлан Ноғаев қала салуда қарапайым талаптардың сақталмай отырғанын сынға алып, Ақтау қаласының әкіміне, облыстық құрылыс басқармасы мен қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының басшыларына тексеру жүргізіп, құрылыстардың бас жоспарға сай орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Халық жекелеген шағынаудандарда құрылыстың өте тығыз салынып жатқанын айтуда. Тұрғындардан жаңа шағынаудандарда мектеп пен балабақшалардың жоқтығына қатысты шағым да көптеп түсуде. Олар балаларын қайда апарады? Түсінемін, сіздер пайда тапқыларыңыз келеді, бірақ олай болмайды ғой. Бұл үйлерді тұрғызғанда не ойладыңыздар? Қала құрылысының ретсіз салынуы – бұл бірінші кезекте халықты құрметтемеу», - деді Ноғаев.

Сонымен қатар аймақ басшысы өңірде кейбір нысандардың жобалау-сметалық құжатынсыз салынып жатқаны туралы ақпарат барын айтты.

«Қалаған жерге зәулім сарай көтере берсек, бас жоспардың қажеті не? Барлық құрылыс заң аясында жүргізілуі тиіс. Бұл жауапты органдардың өзара заңсыз келісімінің салдары. Мәселені анықтап, тиісті шара қабылдауды тапсырамын», - деді аймақ басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936198-paida-tapqylarynyz-keledi-nogaev-zana-audandarda-mektep-pen-balabaqsa-zoqtygyn-synady/

pixel