RU

Алматыдағы ат спорты клубында жылқыларды аяусыз сабаған күдіктілер анықталды

Ат
Видеодан кадр: instagram.com/kris_p_brothers_bazaranet

Алматыда тәртіп сақшылары ат спорты клубында жануарларға қатыгездік жасау ісі бойынша айыпталушылардың барлығын анықтады. Бұл туралы қалалық ПД басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов Instagram парақшасында хабарлады.

"Қазіргі уақытта біз іс бойынша барлық айыпталушының (5 негізгі) жеке басын анықтадық. Қажетті тергеу әрекеттерінің барлығы олардың қатысуымен жүргізілуде", – деп жазды Абдрахманов.

Ол сондай-ақ 5 қазанда Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша ("Жануарларға қатыгездік") тіркелген істі Алматы қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының анықтаушылары қарастырып жатқанын жеткізді.

"Тергеу жалғасуда. Нәтижесі бойынша ақпараттық хабарлама болады", – деп уәде етті департамент басшысының орынбасары.

Еске сала кетейік, 4 қазанда Алматыда спорт кешенінің қызметкерлері жылқыларды сабағаны туралы ақпарат тарады.

Әлеуметтік желілерде талқыға түскен видеода "ГАЗельге" жануарларды тиеу процесі көрсетілген. Роликтен спорт клубы қызметкерлерінің жылқыларды ұрып, оларға қатыгездік көрсеткенін байқау да қиын емес.

Ескерту! Видеоны кәмелет жасқа толмаған балалар мен жүкті әйелдер, психикасы әлсіз адамдар көрмегені абзал!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936357-almatydagy-at-sporty-klubynda-zylqylardy-ayausyz-sabagan-kudiktiler-anyqtaldy-video/