RU

Министрлік Қазақстанда бензин таусылып жатқаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Көлік
Көрнекі фото: piqsels.com

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Қазақстанда жанармайдың таусылып бара жатқаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Айтуынша елде қазан айында тұрақтылық болады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Бізде жанармайға қатысты жағдайы тұрақты. Қазан айында 92-ші бензиннің 304 мың тоннасын, оның ішінде 130 мың тоннасын Атырау зауытында және 103 мың тоннасын Шымкент зауытында, шамамен 20 тоннасын Павлодар мұнай-химия зауыты өндіруі тиіс деп күтеміз.

Айдың басындағы қалдықты есепке алсақ, бұл шамамен 230 мың тонна болды, тұтынуды қанағаттандырамыз деп ойлаймыз. Тұтыну шамамен 340 мың тоннаға бағаланады. Қазан айынан тұрақты түрде өтуге тиіспіз. Бұған дейін қандай да бір экспорт көлемі пайда болуы тиіс деп болжаған едік", – деді вице-министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің батыс өңірінде жүк көлігінің жүргізушілері дизель отынының тапшылығына шағым білдірген болатын. Айтуларынша, бүгінде Ақтөбеде бір қолға – 50 литр, Атырау мен Оралда жүз литрден артық бермейді.

Оған қоса, энергетика вице-министрі Әсет Мағауов дизель отынына қатысты проблемаға тоқталған еді.

Министрлік өкілдері өткен аптада Ресейдегі әріптестерімен келіссөз жүргізген. Соның арқасында Қазақстанға дизель отынын жеткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Оның айтуынша, тамыз-қыркүйек айларында елдегі үш зауыт тұрақты жұмыс істеді. Рекордты көлемде дизель отыны өндірілді – тамызда 508 мың тонна, қыркүйекте де шамамен осындай көлем.

Бірақ, вице-министрдің сөзінше, дизель отынын тұтыну жағынан да рекорд орнатылған. Тамыз айында сұраныс 519 мың, қыркүйекте 500-518 мың тоннаны құраған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936746-ministrlik-qazaqstanda-benzin-tausylyp-zatqany-turaly-aqparatqa-qatysty-pikir-bildirdi/