"20 жыл ұрып келді": Күйеуінен зәбір көрген елордалық әйел жан сырын ақтарды (видео)

Опубликовано:

Тұрмыстық зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Елордалық үш балалы келіншек 20 жылдан бері жолдасынан зәбір көріп келеді. Айтуынша, балаларының көзінше талай рет аяусыз соққыға жығылған. Сондықтан да ажырасқан. Мұндай жағдай елімізде, өкінішке қарай, жиілеп тұр. Қазақстан әлем бойынша ажырасудан екінші орында деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Мадина кіші баласын жетектеп  дағдарыс орталығына келген. Басқа барар жері де жоқ.  20 жыл отасқан жолдасы күнде өлтірем деп қорқытып, күн бермеген екен. “Сосын амалдың жоқтығынан ажырастым“, - дейді ол. Екі баланың біреуі әкесінде қалған.   

"Мені бұрынғы күйеуім 20 жылға жуық ұрып келді. Арамызда кәмелет жасына толмаған 2 баламыз бар. Олар бәрін көріп жүрді. Ең соңғы рет мені соққыға жыққан кезде, балаларымның көзінше аяқпен де, қолмен де ұрып-соқты. Кішкентай ұлым қасымда отырып, папа қойшы деп жылады", - деді қала тұрғыны Медина.

Айнұр да күйеуінен таяқ жеген. Оның да шаңырағы шайқалғалы тұр. Үйінен қашып, әр жерде бас сауғалап жүр.

"Мені қамап ұрып соқты. Сыртымнан құлттап, балаларды әкетіп қалды. Біз бірінші этажда тұрамыз, терезеден шықтым. Телефон, документтерімнің бәрін алып қойған таксимен сіңлімнің үйіне бардым, сол үйден 102-ге хабарластық", - деді Айнұр.

Ажырасудың көбеюі  күрделі мәселеге айналғанына депутаттар  алаңдаулы. Елімізде күн сайын 150 жұп айрылысады. Бұл жағдайдың алдын алу үшін мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы сабақ енгізуді ұсынды.

"5 жыл ішінде орта есеппен күніне 389 неке тіркелсе, оның 150-інің некесі бұзылған. Бәрін әлеуметтік жағдайға сілтей салу қисынды ма? Біздің ше маңызды проблемалардың терең түбірі жастардың тәрбиесінде, олардың ортасына да байланысты. Ажырасудан ең көп зардап шегетін балалар екендігі шындық", - деді мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай.

Мамандардың айтуынша, жастар істейтін жұмыс, тұратын баспана болмаған соң отбасын сақтай алмай отыр дейді.

"20-40 жастағы адамдардың арасында ажырасу басым. Ажырасу, алимент, әкелікті тану, балалармен әкелерінің мәселелері көп. Үйленіп алады да, ертеңінде жұмыс жоқ, тұратын үй жоқ, осындай жағдайлар ажырасуға әсер етеді", - деді медиатор Берік Көкбайұлы.

Ә. Дүкембаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937016-20-zyl-uryp-keldi-kuieuinen-zabir-korgen-elordalyq-aiel-zan-syryn-aqtardy-video/