Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жас жігіт токқа түсті: Түркістан облысында тойға дайындалып жүрген отбасы қара жамылды

Опубликовано:

Марқұм
Видеодан кадр: Астана телеарнасы

Төлеби ауданындағы Жоғарғы Қасқасу ауылының 21 жастағы тұрғыны алма теріп жүріп ажал құшты. Қайғылы жағдайға қаралы отбасының бау-бақшасы арқылы тартылған жоғары кернеулі электр желісі себеп болған. Күні кеше құда-жекжатты жиып, той өткізгелі отырған әулет аяқ асты ұлының жаназасын шығарды деп хабарлайды Астана телеарнасы.

12 қазан күні алыс-жақынды жиып, үлкен ұлының тойын өткізуі тиіс Керімжан Сегізбаев ойламаған жерден екінші баласының жаназасын шығарды. Азамат болған Азаматы бау-бақша  үстінен жүргізілген  жоғары кернеулі тоққа түсіп қалған. Бір сұмдықтың боларын сезгендей талай рет осы мәселені көтергенбіз дейді жүрегі қан жылаған әке.

"Бәрі уәдені үйіп-төгіп берді, орындалмады. Міне, арыстандай азаматымнан айрылып отырмын бүгін, өздеріңіз куәсіздер. Енді бұдан кейін не істеуге болатынын білмеймін. Ананы лажы болса құртыңыздар, құтпайсыздар ма мен аралап тастаймын", - деді марқұмның әкесі.

Марқұм Азамат Тоғызалы қаралы отбасындағы алты баланың екіншісі. Жоғары оқу орнының соңғы курсында оқып жүрген жас келер көктемде үйленем деп жүрген екен.

Белгілі болғандай, Азамат ауылдасымен бірге дүйсенбі күні алма теруге шыққан. Темір саты  жоғары кернеулі  желіге тиіп кеткен дейді куәгерлер.

Ауыл тұрғыны Жұмағали Есмұрзаевтың ұлы сатының бір жағын ұстап келе жатқан. Ол құдай сақтап аман қалды.

"Төрт-ақ метр пәс жерде орналасқан. 10 мың вольт тоқ жүріп тұр мынаның  бойымен. Не болсада өртеп жібереді. Менің баламда шокта болды. Оны да ұшырып жіберген ғой ұрғанда, тағы да жерге сатының түбі тиіп, менің балам аман қалды. Тоқ жерге қарай кеткен. Әйтпесе бүгін екі өлік шығарып жататын едік", - деді тұрғын Жұмағали Есмұрзаев.

Ауыл тұрғындары марқұмды аман алып қалу үшін жанталасып үш сағаттай уақыт жерге көміп те көріпті. Нәтиже болмаған.

Шуылдасқан халық 1964 жылы орнатылған бағаналардың көбі тал-теректің ортасында қалып қойғанын айтады. Талай ағашты түбімен отап та тастаған. Жел тұрып, жауын жауса құдды найзағай ойнағандай тоқ жарқылдап тұратынын үрейлене жеткізді.

"Мына бағананың қисайып тұрғанының өзіне он жыл болды. Үйіммен екі ортасы он-ақ метр. Алты бала-шағам бар. Күнде қорқып, дірілдеп отырам. Азанда тұрып далаға шықпаңдар деймін. Бірінші шығып столбадағы проволкаларды қараймын мен, үзіліп қалмапты ма, балаларым өліп қалмасын деп", - деді тұрғын Икрам Жанбаев.           

Небәрі жүз түтіні бар ауыл тұрғындары жоғары кернеулі желілерді көше бойымен жүргізуді талап етіп отыр.  Қауіптің барын ауылдық округтің әкім орынбасары да жоққа шығармайды. Бірақ  тұрғындардың өзінен де кінә бар дейді.    

"Бұл бағаналар негізінде олардың қорасына дейін салынған. Қора кейін салынған. Үйлері де кейін салынған. Шарбақтарын қоршап алған. Сөйтіп легализациямен алып документтерін туралап алған былайша айтқанда. Барлығы болмасада бірәзі кінәлі", - деді Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округі әкімінің орынбасары Мейіржан Дүйсебаев.

Десе де, келер жылы қора жайларға кіріп тұрған бағаналардың барлығын сыртқа шығару жоспарда бар екенін айтты.  Бұл мәселені жарыққа жауаптылармен де келісіп жатқанын жеткізді.  

А. Төребекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937020-zas-zigit-tokqa-tusti-turkistan-oblysynda-toiga-daiyndalyp-zurgen-otbasy-qara-zamyldy/

pixel