RU

ШҚО-да қос зейнеткерді қатыгездікпен өлтірген күдікті ұсталды

Кісен
Көрнекі фото: pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысында екі зейнеткерді қатыгездікпен өлтірді деген күдікті ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

2021 жылдың 25 қаңтарында Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Прибрежное ауылындағы үйден өрт шыққан.

Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалынды сөндіріп, үйдің ішіне кірген соң еденде жатқан екі мәйітті көрген.

83 жастағы әйел және 74 жастағы ер адамның жартылай күйген денесінде көптеген пышақ жарақаты болыпты.

Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі ("адам өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полицияның хабарлауынша, қазан айында қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Жәбірленушілерді жақтырмаған 37 жастағы ер адам кісі өлтірген соң үйді әдейі өртеп, оқиға орнынан қашып кеткен. Ер адам үй ішіндегі пердеге от қойғанын айтты. Ал қылмыс қаруын үйдің маңына лақтырып кеткен.

Қазір күдікті қамауда, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937065-sqo-da-qos-zeinetkerdi-qatygezdikpen-oltirgen-kudikti-ustaldy/