RU

Көлгінов: Банктердің бірі Астана LRT құрылысын қаржыландыруға келісім берді

Астана Лрт
Фото: inbusiness.kz

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қалалық мәслихаттың кезектен тыс отырысында жерүсті метросының құрылысын аяқтау жоспары туралы айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алтай Көлгінов биыл тоғыз айдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы депутаттарға есеп берді.

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов ЛРТ жобасы не болатынын сұрады. Оның айтуынша, қалаға шетелден келген әрбір адам мұның қандай бағана екенін сұрайды. Осы ретте Тәжімұратов бағаналардың қала сәнін құртып тұрғанын атап өтті.

"ЛРТ құрылысын аяқтау туралы мәселе бірінші жыл көтеріліп отырған жоқ. Бұл сауал көптің көкейінде жүр. Бұл мәселенің қалай пайда болғанын білесіздер. Ең алдымен, кейбір екінші деңгейлі банктердің банкрот болуына байланысты қаржыландыру тоқтады. Екіншіден, мұнда заң бұзушылықтар орын алып, қылмыстық іс қозғалып, қазір сотта қаралуда.

Үшіншінден, қаржыландыру - ең басты мәселе. Жобаға үлкен қаражат керек. Жұмыстың бір бөлігі орындалды. Өзіңіз айтқандай, бетон тіреуіштер орнатылды. Олар қаланың сәнін бұзатыны шындық", - деді Көлгінов.

Осы ретте, ол басталған жұмыс аяқталуы тиіс екенін мәлімдеді.

"Біз бір жылдан астам уақыт бойы банктермен жұмыс жүргіздік. Әрбір екінші деңгейлі банк мұнда келгісі келмейді және әрқайсының мүмкіндігі жетпейді. Сол себепті біз тиісті конкурс жарияладық. Қазір банктердің бірі келісімін берді. Біз бұл туралы тиісті келісімшартқа қол қойылған соң жариялаймыз. Жоспарымыз - жұмысты аяқтау. Қазір әуежай маңына бір шақырымнан астам жерге бөренелер орнатылды. Бұл жұмыс жалғасатын болады", - деді астана әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937368-kolginov-bankterdin-biri-astana-lrt-qurylysyn-qarzylandyruga-kelisim-berdi/