RU

Ақмола облысында білім беру мекемесі бір дәптерді 95 мың теңгеге сатып алмақ болған

Дәптер
Көрнекі фото: piqsels.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мамандары онлайн-брифингте Ақмола облысындағы мемлекеттік сатып алуларға жүргізілген мониторинг нәтижесін хабарлады. Ведомство 95 мың теңгеге бір дәптер сатып алмақ болған білім беру мекемесі туралы айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, аймақта бағаны төмендету арқылы берілген ұсыныстардан кейін 1 миллиардтан астам бюджеттік қаржыны үнемдеуге мүмкіндік туған.

Мәселен, аудандардың біріндегі білім беру мекемесі 14 мн 250 мың теңгеге қалың дәптер сатып алуды жоспарлаған. Осы ретте бір дәптердің құны 95 мың теңгеге бағаланған. Алайда бір дәптердің нарықтағы бағасы 60 теңге.

"Департаменттің дер кезінде араласуының арқасында сатып алу жүзеге аспады және бюджет қаражаты үнемделді", - деді өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.

Ал білім беру мекемесі бір дәптерді қымбат бағаға сатып алмақ болуының себебін мемлекеттік сатып алу порталында ақпаратты толтыру кезінде жіберілген қатемен байланыстырды.

Еске сала кетсек, осыған ұқсас жағдай Қызылорда облысында да болған еді. Жаңақорған кенті әкімінің аппараты бағасы 1,5 млн теңге тұратын дәптер сатып алуды жоспарлаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937388-aqmola-oblysynda-bilim-beru-mekemesi-bir-dapterdi-95-myn-tengege-satyp-almaq-bolgan/