RU

Өскеменде патрульдік қызметкер 3-қабаттың терезесінен кіріп, егде жастағы әйелді құтқарды

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Өскеменде патрульдік топ бастығы капитан Дулат Табеев үшінші қабаттың балконынан кіріп, жағдайы нашарлаған тұрғынды құтқарып қалды.

Оқиға қаланы 5518 әскери бөлімінің жасағы күзетіп жүрген кезде болған деп жазады Sputnik Қазақстан "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Көшені күзетіп жүрген әскери қызметкерлер Севастопольская көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінен қатты айғай естиді. Сөйтсе, тұрғындар өз пәтерлеріне кіру амалдарын жасап жатыр екен",- дейді өңір қолбасшылығы.

Үйдің ішінде қалған әйел есікті аша алмаған. Оған көмек көрсету үшін гвардиялық қызметкер пәтерге ашық тұрған терезе арқылы кіруді ұйғарады.

"Пәтерге кіргенде Дулат жасы келген әйелді көрген. Ол еденде орнынан тұра алмай жатқан. Алғашқы көмек көрсеткен соң Табеев жедел жәрдем шақырып, пәтер тұрғындарына есікті ашып берді",- делінген хабарламада.

Қала тұрғынына көмек көрсеткен соң әскери жасақ өз қызметін жалғастыруға кірісті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937533-oskemende-patruldi-qyzmetker-3-qabattyn-terezesinen-kirip-egde-zastagy-aieldi-qutqardy/