RU

Түркістан облысында жоғалған бала арықта ұйықтап жатқан жерінен табылды

Жеткіншек
Көрнекі фото: polisia.kz

Түркістан облысында жоғалып кеткен бала арықта ұйықтап жатқан жерінен табылды деп хабарлайды өңірлік полиция департаменті.

17 қазан түнгі сағат 23:30 шамасында Сайрам аудандық полиция бөлімшесіне баласын таппай қалған әйел хабарласып, көмек сұрады.

Тұрғынның айтуынша, оның 9 жасар ұлы күндіз ойнауға кетіп, күн батқанша келмеген. Келіншек баласын өзі бірнеше сағат іздепті. Нәтиже шықпаған соң полицейлерге жүгінуге мәжбүр болған.

Оқиға кәмелет жасына толмаған баланың қауіпсіздігіне қатысты болғандықтан, ювеналды полиция тобы мен учаскелік инспекторлар шұғыл іске кірісті. Жеткіншектің баруы мүмкін жерлер, жақын аумақтар мұқият тексерілді. 1 сағатқа созылған іздестіру жұмыстары нәтижесінде жоғалған бала табылды.

Нақтырақ айтсақ, учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Нұржан Думбаев балақайды үйінен 3 көшеден кейін орналасқан арықта ұйықтап жатқан жерінен тауып, отбасына қайтарды. Баланың өзі мен ата-анасына профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде қуанышын жасыра алмаған ана тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын жеткізіп, баласын аман-есен үйіне қайтарған полицейлердің жұмысына жеміс тіледі.

Түркістан облысының полицейлері ата-аналардан ұл-қыздарын қараусыз қалдырмауды сұрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937579-turkistan-oblysynda-zogalgan-bala-aryqta-uiyqtap-zatqan-zerinen-tabyldy/