RU

Түркістан облысында жантүршігерлік жол апатынан алты адам қаза тапты

Жол апаты
Көрнекі фото: "Ақ Жайық" басылымы

Түркістан облысында екі жеңіл көлік соқтығысып, алты адам қаза тапты деп хабарлайды өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.

16 қазан күні сағат 19:14 шамасында Шардара аудандық ПБ кезекші бөлімінің 102 пультіне жол апаты туралы хабарлама келіп түскен соң оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы аттанған.

Полицейлер облыстық маңызы бар Жетісай-Шардара автожолының 172-шақырымында "Opel Vectra" автокөлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып, "Audi-100" автокөлігімен соқтығысқанын анықтады.

Жол апаты салдарынан оқиға орнында екі жеңіл көліктің жүргізушісі мен төрт жолаушы қаза тапты, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Ал алты жолаушы түрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді.

Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі "Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі және көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" бойынша Шардара аудандық ПБ СДТБТ-не тіркелді.

Тергеумен Түркістан облысы полиция департаментінің анықтаушылары айналысып жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу барысында жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937608-turkistan-oblysynda-zantursigerlik-zol-apatynan-alty-adam-qaza-tapty/