Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Салынғанына 126 жыл болған үйі өртеніп кеткен оралдықтар көлікте түнеуге мәжбүр (видео)

Опубликовано:

Өрт
Видеодан кадр: Астана телеарнасы

Баспанасы бір түнде өртеніп кеткен оралдық алты отбасы көлікте қонуға мәжбүр. Өйткені олардың басқа паналайтын жері жоқ. Тұрғындарға жаны ашығандар жылу жинауға кіріскен. Бірақ күлге айналған ағаш үйді аз уақыттың ішінде қайта қалпына келтіру мүмкін емес деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Тұрғындардың айтуынша, өрт кешкі сағат жетіде шыққан. Қызыл жалыннан үрейі ұшқан олар дереу құжаттары мен құнды заттарын алып, бас сауғалапты.

Ағаштан салынған алты пәтерлік үй санаулы минутта отқа оранған. Тұрғындар қазір үйіне кіруге де қорқады. Өйткені қаусап тұрған қабырға бір сәтте опырылып құлауы мүмкін.

Тұрғындардың сөзінше, осыдан 126 жыл бұрын салынған үйдің әлі берік екендігіне көзі жеткен соң, былтыр несие алып, күрделі жөндеуден өткізген. Енді осының бәрі күлге айналып отыр.

"Өмір бойы тірнектеп жинағанымызды осы үйге жұмсадық. Бәрі бір сәтте өртеніп кетті. Қымбат жиһаз, тұрмыстық техниканың күлі ғана қалды. Түнде сығылысып көлікте қондық. Басқа баратын жеріміз жоқ", - дейді тұрғын Людмила Якушина.

"Біз де көлікте түнедік. Туыстарымызға барайық десек, олардың да отбасы бар. Аядай жерде көп адамның тұруы қиын ғой. Ал басқа жерге кетсек, өрттен аман қалған дүниемізді ұрлап кетуі мүмкін. Не істерімізді білмей қиналып отырмыз", - дейді тағы бір тұрғын Мехман Мамедов.

Өрт сөндірушілер тілсіз жауды екі сағаттың ішінде өшірген. Оқыс жайттан ешкім зардап шекпеген. Ал қанша шығын келгені әлі анықталмаған. Төтеншеліктер өрттен келген шығынның көлемі анықталған соң көмек көрсетілуі мүмкін екенін айтады.

"Қазіргі уақытта өрттің шығу себептерін анықтау мақсатында жиналған барлық материал Орал қалалық полиция басқармасына жолданды. Кінәлілер анықталғаннан кейін шаралар қолданылады. Қазіргі уақытта өтемақы төлеу немесе шығынын қайтару туралы жергілікті атқару органдарына хабарласса болады", - дейді Орал қаласы ТЖБ бас маманы Нұрсұлтан Серіков.

Е. Карин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1937730-salynganyna-126-zyl-bolgan-uii-ortenip-ketken-oraldyqtar-kolikti-tunuge-mazbur-video/

pixel