Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Идеяны жерге тастамаймын: Ауадан су жинайтын құрылғы ойлап тапқан ақтаулық оқушы арманын айтты

Опубликовано:

Ерлан Тұралы
Фото: Ерлан Тұралының жеке мұрағатынан

Ақтаулық Ерлан Тұралы ауадан су жинайтын құрылғы жасақтап шығарды. Физика пәні мұғалімі Лизавета Хамитованың жетекшілігімен іске асқан ғылыми жобаны ақтаулық оқушы болашақта қолданысқа енгізуді жоспарлайды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Зияткерлік мектептің 12-сынып оқушысы Ерлан Тұралы ауадан су жинайтын гидропанель ойлап тапқан. Ол осылайша еліміздегі ауыз су тапшылығын шешуге үлес қосқысы келеді.

"Маңғыстау облысында, оның ішінде Ақтау қаласында ауыз су теңіздің суын тұщыту арқылы алынады. Жалпы еліміздің кез келген аймағында ауыз су жетіспеушілігі байқалады, сондай-ақ Каспий теңізінің суын сақтау мәселесі де тұр. Бұл идея маған аталған мәселелердің шешімі болып көрінді", - дейді оқушы.

Ғылыми жобаға жетекшілік ететін физика пәні мұғалімі Лизавета Хамитова Ерлан ойлап тапқан құрылғының қалай жұмыс жасайтынын, күніне қанша су жинайтынын айтып берді.

"Ерлан күн энергиясын пайдаланатын гидропанель ойлап тапты. Құрылғы жұмыс істеуі үшін оған желдеткіш, күн панельдері, Пельтье элементі қажет. Желдеткіш ауаны сорып алады, ауа Пельтье элементі арқылы өтеді. Пайда болған су тамшылары ыдысқа жиналады. Ал оны болашақта ауыз су үшін пайдаланатын болсақ, сүзгі орнату қажет. Ерлан жасаған құрылғының кіші формасы күніне 200 гр су береді. Ал оны өмірде қолданысқа енгізер болсақ, әрине көп қаражат керек. Шамамен 1,5-2 миллион теңге. Ең бастысы құрылғының көлемі мен қуатын арттыру жеткілікті. Ол үшін үлкен көлемді күн панелін сатып алу қажет және одан да қуатты желдеткіш, ірірек Пельтье элементі қажет. Сондықтан кедергі тек қаржыда. Демеушілер табылса әрине, жасауға болады", - дейді Лизавета Хамитова.

Ерланның өзі ғылыми жобасының іске асатынына шүбә келтірмейді.

"Әрине бұл жобаны іс жүзіне асыруға әбден болады. Өйткені оның негізі су конденсациясы деп аталатын физикалық құбылысқа негізделген. Мен бұл идеямды жерге тастамаймын, оны мектеп бітірген соң қолға алып, жалғастырамын. Оқудан босаған кезде жобама көңіл бөлуге уақыт та болады. Бұл идеяны тек өзіміздің аймақта ғана емес, басқа да облыстарға, әсіресе батыс пен оңтүстік аймақтарға тарату жоспарымда бар. Өйткені аталған өңірлерде ауыз су проблемасы бұрыннан бар", - дейді жас өнертапқыш.

Ерлан Тұралы қазір Зияткерлік мектептің соңғы сыныбында оқып жатыр. Оның қазіргі мақсаты - алдағы халықаралық емтихандардан сәтті өтіп, жоғары оқу орынына түсу.

Ерлан өз жобасына авторлық куәлік алып қойды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937779-ideyany-zerge-tastamaimyn-auadan-su-zinaityn-qurylgy-oilap-tapqan-aqtaulyq-oqusy-armanyn-aitty/

pixel