Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістанда жекеменшік балабақша басшылары наразылыққа шықты

Опубликовано:

Балабақша
Көрнекі фото: stopfake.kz

Түркістанда жүзден астам балабақшаның қызметкерлері, облыс әкімдігінің алдына жиналды. Олар мемлекет есебінен бала басына берілетін қаражаттың өзге аймақтармен салыстырғанда тым аз беріліп жатқанына наразы деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Айтуларынша, биылғы қаңтардан бастап бала басына кемінде 42 мың теңгеден төленуі тиіс екен. Алайда қазіргі алып отырғандары 31 мың теңгеге де жетпейді.

Наразы топ бұл жерде кәсіпкерлерден бөлек педагогтар мен балалардың да құқығы тапталып отыр деді. Заңға сәйкес қаңтардан бері 25 пайыздан екі рет қосылуы тиіс еңбекақыны әлі өзгерте алмай отырғандарын алға тартты. Жиналғандар осы мәселемен шенділердің табалдырығын тоздырғанмен нәтиже шығар емес десті. Жағдай реттелмесе балабақшалардың дені жұмысын тоқтату қаупі барын айтады.

"2021-дің ақпан айында Жолаевқа кіргем. Ол кісіге барғанда 2021-дің қыркүйек айында қаражат беріледі. Үстіндегі айырмашылығын сол кезде береміз деді. Міне, қыркүйек те өтті, қазан да өтті. Ешқандай себеп жоқ, бізге не себепті қаражат көтерілмейтіндігін айтпайды. Қиналып жатырмыз", - деді балабақша құрылтайшысы Ләззат Убайдаева.

"Біздің білікті мамандарымыз, тәрбиешілеріміз жұмыстан босап кетіп жатыр. Жоғары санатты тәрбиешілеріміз базарға шығып істеп отыр. "Апай, біз бір күнде базарға шықсақ 10 мың теңге табамыз. 60-70 мың теңгемен біз қалай күн көреміз, қалай бала-шағамызды асыраймыз" деп отыр", - деді Түркістан облысы балабақшалар қауымдастығының төрайымы Дилбар Хабибова.

Қауымдастық төрайымының мәліметінше, облыс бойынша 115 мың бала жекеменшік балабақшаларда тәрбиеленеді екен. Онда 40 мың адам жұмыс істейді. Соның 19 мыңнан астамы педагогтар.

Наразы топты өңір атқамінерлері Конгресс холл ғимаратына кіргізіп, сөйлесті. Алайда әкімдік өкілдерінің жауабы көңілдерінен шыға қоймады. Өңір шенділері жағдайды аймақтағы бала санының көптігімен байланыстырып отыр.

"Білесіз бізге қаржы жеткіліксіз. Өйткені адам саны көп. Балабақша саны көп. Бұл мәселені жыл сайын біз көтеріп отырмыз. Былтырдан бастап бағасын аздап көтерді. Енді сәл шыдай тұру керек. Енді шешімді республикадан күтеміз", - деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

А. Төребекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937910-turkistanda-zekemensik-balabaqsa-bassylary-narazylyqqa-syqty/

pixel