Ақтөбе әкімі биіктігі 6 метр болатын аспалы көпірдің қауіпсіздігін өзі тексеріп көрді (фото, видео)
Опубликовано:

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров Тұңғыш президент атындағы саябақтағы аспалы көпірді іске қосты. Шенеунік спорттық ойын алаңын мердігер компаниядан өзі қабылдап, қауіпсіз екенін тексерді. Нысан демеушілердің көмегімен салынған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Асхат Шахаров арқанды көпірді бір сәт қызметіне де теңеп өтті.
"Әкімнің жұмысы да осындай. Нық қадам жасап, ерік-жігеріңмен шешім қабылдай білу керексің", - дейді Шахаров көпір үстінде.
Оның айтуынша, аталмыш саябақты төтенше жағдайлар департаменті де тексеретін болады.
Сонымен қатар, қала басшысы өңірдегі 60-тан аса демалыс орнын енді бір компания басқаратынын хабарлады.
Жаттығу алаңының құрылысын жүргізген ресейлік кәсіпкерлер аспалы көпірдің қауіпсіз екеніне сендірді. Көпірге мінгеннен түскенге дейін қауіпсіздік белдігі шешілмейді. Алаңның ересектерге және балаларға арналған бөлігі бар. Биіктігі 6 метр.
Одан бөлек, шенеуніктер жыл соңына дейін 42 метрлік "Айналмалы дөңгелек" әткеншегін де іске қосуды жоспарлап отыр. Жасанды мұз арқылы хоккей ойнау алаңын салу да жоспарда бар.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбе әкімі Асхат Шахаров мүгедектер арбасына отырып, жол сапасын тексеріп көрген еді.
Осылайша, шенеунік шаһардағы жолдардың мүгедектер арбасы үшін қолайсыз екеніне көз жеткізген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938040-aqtobe-akimi-biiktigi-6-metr-bolatyn-aspaly-kopirdin-qauipsizdigin-ozi-tekserip-kordi-foto-video/