RU

"Қабырғасы сынса да, шағым түсірмейді": Ақтөбелік полицейлер тұрғындарға үндеу жасады

Зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Ақтөбелік полицейлер өңірде отбасылық зорлық-зомбылықтың азаймай тұрғанына алаңдаулы. Күйеуі қабырғасын сындырса да, шағым түсірмейтін келіншектер бар. Мұндай жағдайдың арты ауыр қылмысқа әкелуі мүмкін екенін айтқан полицейлер жанжал көп болатын отбасылардың көршілеріне үндеу жасады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Отбасылық түсініспеушіліктер тек ер мен әйел адамның арасында болмайды. Қызы мен анасының арасында да жанжал туындайды. Анасын өз қызынан полиция қызметкерлері қорғауына алған жағдайлар болды. Анасы мен баласы арасында жанжалдар аз емес. Әйеліне шағым түсіретін ер адамдар да бар. Бірақ ол көп емес. Отбасылық зорлыққа қатысты нәзік жандылардан шағым көп түседі.

Кейбір тұрмыстық жағдайы жақсы отбасындағы психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық жасырын қалады. Тіпті, қабырғасы сынған болса да, кейбір әйелдер өзін таяққа жыққан адамға қатысты шағым түсірмейді. Салдарынан жазаланбаған азамат одан да ауыр қылмыстарға барып жатады.

Біз қала тұрғындарынан, әсіресе жанжал жиі тіркелетін отбасылардың көршілерінен куә болған, естіген, білген заң бұзушылықтарды полицияға ескертуді сұраймыз. Бұл ауыр қылмыстардың алдын алуға көмектесер еді", - дейді Ақтөбе облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің ерекші тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Нұрлыбек Сүйінтаев.

Ақтөбе облысында соңғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша учаскелік полиция инспекторлары отбасылық жанжалға қатысты 3500-ден аса адамға қорғау нұсқамасын шығарған. Осыншама адамды озбыр туысынан бір ай бойы тәртіп сақшылары қорғаған.

Нұрлыбек Сүйінтаевтың айтуынша, қорғау нұсқамасын бұзған 157 адам әкімшілік жауапқа тартылып, қамауға алынған.

"Шын мәнінде, отбасылық зорлық-зомбылық статистикасы әлдеқайда жоғары, бірақ полицияға негізінен алкоголизм мен маскүнемдікке байланысты зорлық-зомбылық фактілері бойынша жүгінеді", - дейді ол.

Бүгінгі күні учаскелік полиция инспекторлары спирттік ішімдік ішкен және қоғамдық орындарда масаң күйде болған 7 мың азаматты жауапқа тартып, 143 маскүнем арнайы емдеу-профилактикалық мекемесіне емделуге жіберілген.

"Азаматтарға былапыт сөздер айту, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру, олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер - бұл әкімшілік жауапкершілікке, тұтқындауға әкеп соғатын құқық бұзушылық екенін еске салғым келеді.

Сондықтан, егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп, шағымданбай жүрген адамды білсеңіз, оған учаскелік полиция инспекторына жүгіну керектігін айтыңыз. Үнсіздік ауыр қылмысты тудыруы мүмкін, өкінішке қарай, мұндай фактілер бар", - дейді полиция инспекторы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938048-qabyrgasy-synsa-da-sagym-tusirmeidi-aqtobelik-policeiler-turgyndarga-undeu-zasady/