Мұғалімдерді сенбіліктерге тартқандар қатаң жазаланатын болады
Опубликовано:

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова ОКҚ өткен брифингте Семейде көше тазалаған мұғалімдердің оқиғасына қатысты пікір білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Шолпан Каринова елімізде мұғалімдердің құқығын қорғайтын "Педагог мәртебесі туралы" заң барын еске салды.
"Педагогтердің шықпауға (сенбіліктерге-ред.) құқығы бар. Егер педагог мұның өзіне тән емес қызмет екенін түсінсе, онда бас тарта алады. Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы нақты айтылды. Біз мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстарды атқаруға тартуға қарсымыз. Олар қатаң жазаланады, мұғалімдерді осындай жұмысқа тартатындардың барлығына заң аясында шаралар қолданылатын болады", - дейді ол.
Вице-министр мұғалімнің бірінші міндеті балаларға білім беру екенін атап өтті.
"Білім беру мен тәрбиелеу - бұл педагогтің негізгі міндеті. Педагогтерді басқа іс-шараларға ешкім тартпауы қажет", - дейді Шолпан Каринова.
Еске сала кетсек, бұған дейін Семей қаласында мұғалімдерді көше сыпыруға шығарғаны жайлы белгілі болған еді.
Бұған қатысты білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пікір білдірген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938063-mugalimderdi-senbilikterge-tartqandar-qatan-zazalanatyn-bolady/