RU

ДДСҰ коронавирус пандемиясы тағы бір жылға созылуы мүмкін екенін хабарлады

Коронавирус
Көрнекі фото: Mike Hewitt/Getty Images

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы тағы бір жылға созылатынын айтты. Өйткені кедей елдерге тиісті мөлшерде вакцина жеткізілмей отыр деп хабарлайды Би-би-си.

ДДСҰ аға жетекшісі, дәрігер Брюс Эйлуордтың пікірінше, бұл COVID-19 дағдарысы 2022 жылға дейін созылуы мүмкін екен білдіреді.

Африка халқының бес пайызға жетер-жетпесі вакцина салдырған, ал басқа континенттерде бұл көрсеткіш 40 пайызды құрайды.

Осы ретте Эйлуорд бай елдерге саммиттерде, соның ішінде G7 саммитінде қабылдаған міндеттемелерін еске салды.

The People's Vaccine - қайырымдылық ұйымдарының альянсы жаңа деректерді жария етті. Оған сәйкес, фармацевтикалық компаниялар мен бай мемлекеттер уәде берген жеті дозаның біреуі ғана кедей елдерге жеткізілген.

Коронавирусқа қарсы вакциналардың басым көпшілігі табысы жоғары немесе орташадан жоғары елдерде енгізілген. Дүниежүзінде қолданылатын дозалардың тек 2,6 пайызы Африкаға тиесілі.

Еске сала кетсек, бұған дейін ресейлік инфекционист дәрігер Георгий Викулов жер-жаһанда адамдардың 60 пайызында COVID-19 инфекциясына қарсы иммунитет пайда болғанда пандемия аяқталатынын айтқан еді.

"Адамдардың бір бөлігі ауырып шығады, басым бөлігі вакцина салдырады. Ғаламшар халқының 60 пайызында коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет қалыптаспағанша түбегейлі өзгерістер болмайды", – дейді дәрігер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938151-ddsu-koronavirus-pandemiyasy-tagy-bir-zylga-sozyluy-mumkin-ekenin-aitty/