RU

Семейде мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген лауазымды тұлғалар жазаланды

Шенеунік
Көрнекі фото: pixabay.com

Семейде педагогтерді көше сыпыруға жіберген лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

16 қазанда Семей қаласында мұғалімдерді көше сыпыруға шығарғаны жайлы белгілі болған еді.

БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің, сондай-ақ ШҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері әкімшілік істі қараған.

Тексеру барысында сенбілікке №43 мектебінің педагогтерінен басқа, №9 мектебінің де мұғалімдері де жіберілгені анықталды.

"Әкімшілік істі қарау барысында педагогтер қаланы абаттандыру жұмыстарына Семей қаласы әкімінің орынбасары Д.А. Гариковтың хаты негізінде шыққаны анықталды. Хатта педагогтердің сенбілікке таңғы сағат 09.00-де шығуын қамтамасыз ету тапсырылған. Сондай-ақ, хаттың әкім орынбасарының қолы қойылған қосымшасына сәйкес, әр мектепке аумақты тазарту жұмыстарын жүргізу үшін белгілі бір учаске берілген. Тапсырманың орындалуын бақылау әкімдіктегі бөлімшелердің біріне жүктелген", - делінген хабарламада.

Осы ретте, ведомство Семей әкімінің орынбасарына қатысты тәртіптік шаралар қолдану туралы хат жолданғанын хабарлады.

"Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Н.А. Фесенкоға қатысты сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Сонымен қатар, ол әкімшілік жазаға тартылды.

№ 9 ОМ директоры Н.В. Тегай және №43 ОМ директорының м. а. А.В. Искрина әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді ведомство.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938162-semeide-mugalimderge-kose-tazalatqan-lauazymdy-tulgalar-zazaga-tartyldy/